$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.10.2020, 19:09
Мәдениет

«Астана Опера» танымал артистің пәтер дауына қатысты мәлімдемесіне жауап берді

Театр өкілдері «Елбасының сыйлығынан» бейхабар екенін жеткізді

«Астана Опера» танымал артистің пәтер дауына қатысты мәлімдемесіне жауап берді
Фотоколлаж

Бұған дейін сайтымызда танымал балет артисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіровтың пәтер дауы туралы ақпарат жариялаған едік. Артист Елбасының өзі 2013 жылы сыйлаған баспананы Мәдениет министрлігі мен «Астана Опера» театры тартып алмақшы деп шағымданды. Осы жайтқа байланысты министрлік пен театр басшыларынан пікір сұрағанбыз. «Астана Опера» өкілдері жауапты көп күттірген жоқ.

Театр басшылығының мәліметінше, Жандос Әубәкіровтың дауласып жүрген пәтері театр балансында, оны 2017 жылдын мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігі берген екен.

«Республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 мамырдағы № 300 қаулысының негізінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Астана Опера» театрының меншігіне пәтерлер, оның ішінде Әубәкіров Жандос Болатұлының бейнеөтінішінде айтылған пәтер берілді. Театрдың тұрғын үй қорынан пәтерлер қызметкерлерге «Астана Операда» жұмыс істеген кезеңінде тұру үшін ғана беріледі. 2017 жылдың ақпан айынан бастап Ж.Б. Әубәкіров «Астана Опера» театрының қызметкері емес және сәйкесінше театрдың меншігіндегі қызметтік тұрғын үйді пайдалануға құқығы жоқ», - делінген театр өкілдері берген жауапта.

Хатта көрсетілгендей, Жандос Әубәкіровтың аталған пәтер үшін қарызы 1 миллион теңгеге жуықтаған көрінеді.

«Ж.Б. Әубәкіровке пәтерді «Астана Операға» қайтару өтінішімен бірнеше рет тиісті хабарлама жіберілді. Сондай-ақ, бұл пәтерді пайдалануға байланысты салық және өзге де төлемдер бойынша пайда болған берешекті өтеу туралы айтылды. Алайда, оларға Ж.Б. Әубәкіровтен жауап келген жоқ. Бүгінгі күні берешек сомасы 951 691 теңгені құрайды. Осы жағдайды сотқа дейін реттеуге тырысқан театр екі жылдан кейін Ж.Б. Әубәкіровтіңүсстінен сотқа талап арыз беруге мәжбүр болды», - дейді театр әкімшілігі.

Балеронның өзі аталған пәтерді оған 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі сыйлаған еді дейді. Алайда, «Астана Опера» әкімшілігі сыйлықты растайтын ешқандай құжат жоқ деп отыр. Ал Жандос Әубәкіровпен бірге пәтер алған тағы 9 адам бірнеше жылдан бері ақша төлеп, баспананы сатып алған екен.

Айта кетейік, даулы пәтер артистке 2013 жылы берілген, ал «Астана Операның» балансына 2017 жылы ғана өткен. Осы арадағы 4 жылдай уақытта баспана Мәдениет және спорт министрлігінің меншігінде болған. Жандос Әубәкіров өзі тұрған үйдің министрлік балансына қайдан келгенін біле алмай дал. Бұл сұрақты біз де министр Ақтоты Райымқұлованың атына жолдадық. Жауабын қосымша хабарлайтын боламыз.

Серіктес жаңалықтары