$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.10.2020, 12:34
Мәдениет

Көне Отырарды реставрациялауға қандай кірпіш қолданылып жатыр?

Археологтардың жанайқайына Мәдениет министрлігі жауап берді

Көне Отырарды реставрациялауға қандай кірпіш қолданылып жатыр?
Фотолар Эмма Усманованың Facebook-парақшасынан алынды

Жақында археолог Эмма Усманова Facebook желісінде көне Отырар қалашығында жүргізіліп жатқан реставрациялық жұмысты сынға алып, ортағасырлық қыш тақтайшалардың орнына жаңа кірпіштерді қалау – тарихқа жасалған қиянат екенін айтты.

«Отырар қалашығын зерттеуге талай жылын арнаған археологтар тарихи нысанның қыш тақтайшаларын жаңа кірпішпен қаптап жатқанын көрсе, абдырап қалар еді. Бізбен бірге әйгілі қалашықтың зерттеу жұмысына қатысқан тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа болды. Мұны көргенде оның көзінен жас та шықты. Отырар – ғасырлық құрылыс. Туристік нысан мен тарихи нысанды бір арнаға тоғыстыру өте күрделі. Нысан өзінің тарихи келбетін сақтап қалады деп үміттенемін», - деп қынжылды Эмма Усманова.

«ЖАПОНДАР БІРНЕШЕ ЖЫЛ ІСТЕГЕН ЖҰМЫСТЫ БІЗДІКІЛЕР БІР ЖЫЛДА ІСТЕМЕКШІ»

Azattyq Rýhy тілшісі көне қалашықтағы реставрация жұмыстарын өз көзімен көрген археолог Мұхтар Қожамен сөйлесті. Маманның айтуынша, бұл ақылға қонбайтын шаруа. Өйткені, тарихи нысанға дәл мұндай реставрация жасау әлемдік тәжірибеде жоқ.  2001-2004 жылдары ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония жобасы аясында «Көне Отырар қала­шы­­ғын сақтау мен реставрациялау» іске асырылды. Бұл жұмысты Жапония елі қаржыландырды. Мұхтар Қожа сол жылдары ұлттық сарапшы ретінде мамандармен бірге иық тіресе жұмыс істеп, олардың атқарған істеріне мынадай баға берді.

«Ол кездегі реставрация ең озық үлгіде, қаланың тарихи келбетін бұзбайтындай қылып жасалды. Ал қазіргі реставрация Отырардың тарихи келбетін түбегейлі өзгертіп жіберді. Қазіргі жасалып жатқаны – ішкі туристерді де, шетелдік туристерді де қызықтырмайтын жай ғана көзбояушылық дүние деп түсінемін. Бұл ғылыми реставрацияға жатпайды. Жапондар бірнеше жыл істеген жұмысты біздікілер бір жылдың ішінде істемекші» - дейді Мұхтар Қожа.

Археологтың айтуынша, ежелгі шаһардың аумағында болып жатқан жаңғыру жұмыстары ең бірінші кезекте ғасырлық тарихы бар жәдігерлерді жоюы мүмкін.

«Биыл қазба орындарынан шыққан 20-30 см биіктігі бар кесектің үстіне үлкен кәдімгі күйдірілген кірпіштен жаңа құрылыс салып жатыр. Не деген салмақ? Ол біраз уақыттан кейін аршылған қабырғалар мен астыңғы қабаттарды бұзып жіберуі мүмкін. Дәл сол жерді солай өзгерту қажет пе еді? Мүмкін оның астында әлі қазылмаған дүниелер бар шығар. Консервация жасаған кезде ойлану керек. Қазылған жердің бәріне реставрация жасау міндетті емес. Мұндай жұмыстар топырақтың астындағы мәдени қабаттарының қалыптасқан жағдайын өзгертеді» - деді Мұхтар Қожа.

РЕСТАВРАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ТЕРРАКОТАЛЫҚ ҚЫШ ПАЙДАЛАНЫЛЫП ЖАТЫР

Архелогтардың сын-ескертпесін, көне Отырар қалажұртын жаңғырту жұмыстарына қатысты шағымын Мәдениет және спорт министрлігіне жолдап, жауабын алдық. Ведомство баспасөз қызметі археологтардың жанайқайына жауап ретінде «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаевтың сөзін негізге алған. 

Министрліктің берген жауабына сүйенсек, Отырар қалажұртында анықталған археологиялық нысандардың 80%-ы табиғи, адами және басқа да факторлардың ықпалынан бұзылып, ізі жоғалған.

«Отырар қаласының жұртындағы жұмыстар басталмас бұрын мамандар мен сарапшылардың ұсыныстары, ескерткіштердің зерттелу деңгейі, сақталу жағдайы, ауа райының жағдайы ескерілді. Атқарылып жатқан жұмыстарға Түркістан қаласындағы цехтарда дайындалған терракоталық қыштар пайдаланылуда. Олар ескерткіштердің ұзақ мерзімге сақталуын қамтамасыз етеді. Терракоталық қыштар Сауран сазынан дайындалады. Оны әзірлеу технологиясын өткен ғасырда Қазақ құрылыс материалдарын зерттеу институтының ғалымы С.С. Тәкібаева мен академик С. Сүлейменов көп жылғы еңбегінің арқасында анықтап берген. Ескерткіштерді сақтау жөніндегі осындай шаралар халықаралық тәжірибеде қолданылады. Терракоталық қыштар қорғаныш қабаты ретінде қызмет етеді. Осылайша, ескерткішті болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік молырақ, өйткені жоғарғы қабаты бұзылғанымен, тарихи шынайы қабаты өзгеріссіз қалады» - делінген «Қазқайтажаңарту» РМК директорының жауабында.

Жалпы, Отырар қалажұртына 2019 жылы 40620 турист келсе, 2020 жылы олардың саны небәрі 1046 адамды құраған. Жергілікті әкімдік мұндай көрсеткішті елдегі карантин жағдайымен байланыстырды. 2 қыркүйектен бастап санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, Отырар қалашығы туристерге есігін қайта ашпақ.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары