«Елбасы сыйлығын менен тартып алмақшы» – балет артисі «Астана Опера» театрымен не себепті соттасып жатыр?

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіровпен сұхбат

«Елбасы сыйлығын менен тартып алмақшы» – балет артисі «Астана Опера» театрымен не себепті соттасып жатыр?
Фотоколлаж

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының экс-солисі Жандос Әубәкіров әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жолдады. Көпшілік арасында қызу дау тудырған бұл видеодан кейін Azattyq Rýhy тілшісі Жандос Әубәкіровпен сұхбаттасқан еді.

Суреттер Жандос Әубәкіровтің жеке мұрағатынан

«ЕЛБАСЫ МАҒАН ПӘТЕРДІ 2013 ЖЫЛЫ СЫЙЛАДЫ»

«2012 жылы 27 жасымда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталдым. Маған бұл марапатты лайықты болғаным үшін берді деп санаймын. Бірақ мен ешкімнен ешнәрсе сұраған жоқпын. Еңбегімді бағалаған болуы керек, маған осы марапатты берді. 2013 жылы сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының сыйлығы ретінде пәтердің кілтін өз қолымен маған табыстаған. Барлығы он адамға он пәтердің кілті берілген. 2013 жылдың қаңтар айында Елбасы «Дон Кихот» спектаклін тамашалады. Спектакль аяқталған соң, Елбасы артистерді құттықтап: «Мен нағыз қазақтың салтымен келдім, құр қол келген жоқпын. Бәйтеректің жанынан 10 пәтерді сыйға тартамын» деген»,- дейді Жандос Болатұлы. 

Күләш Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының 10 қызметкеріне 10 пәтер «Нұрсая Бонита» тұрғын үй кешенінен берілген. 

«Бұл – Достық көшесі жағында, «Москва» бизнес орталығына қарама-қарсы орналасқан тұрғын үй. Сосын құжаттармен танысқан кезде, бізге берілуі тиіс пәтерлер мүлдем басқаша болып шықты. Олар «Нұрсая» тұрғын үй кешенінің субұрқақтарға қарап тұрған жағында, пәтерлердің шаршы метрлері де, бөлме саны да мүлдем басқаша. Мұның барлығын жасырып қалған. Жемқорлық фактілерінің бар екенін де түсініп тұрмын. Жоғары лауазымды азаматтардың бұл іске қатысы бар», - дейді Жандос Болатұлы.

ПӘТЕРЛЕР АУЫСЫП КЕТКЕН

Жандос Болатұлының айтуынша, берілуі тиіс пәтерлер туралы құжатқа сол кездегі премьер-министр Серік Ахметов қол қойған. 

«Президент істері басқармасы есебінен «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі 8 пәтер, 2 бөлмелі 2 пәтер бөлінсін деп жазылған. Бізге іс жүзінде «Нұрсая Бонитадан» 1 бөлмелі 4 пәтер, 2 бөлмелі 4 пәтер, 3 бөлмелі 2 пәтер берді. «Неге бұлай?» деп сұрап едім, «Отбасылық жағдайға байланысты өзгертілді» деді. Яғни, әлі үйленбегендерге бір бөлмелі, отбасылыларға екі, үш бөлмелі пәтерлер берілді. Мен «Мұны құжат жүзінде көрсетіңіз» деп едім, «Жандос, сен көп сөйлеме. Бар, отыр» деді маған»,- дейді артист. 

Айта кетерлігі, 2013 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі қызметін Мұхтар Құл-Мұхаммед атқарған.

«Ол пәтер кілтін беріп жатқанда, «Бұл Елбасының сыйлығы, пәтер сендердің жеке меншіктерің, оларды не істесеңдер де өз құқыларың» деген. Бұл салтанатты шарада министрдің орынбасары Асқар Бөрібаев та болды. К.Байсейітова атындағы Опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев, видео, фотооператорлар, Мәдениет министрлігінің фотографы қатысты. Біз осы салтанатты іс-шараның видео, фотоларын ала алмадық. Олар ізім-ғайым жоқ. Президент істері басқармасы да, «Астана Опера», ҚР Мәдениет және спорт министрлігі – ешкім бұл фотоларды бере алмады. Яғни, олардың ешқайсысы бұл пәтерлердің қайдан пайда болғанын көрсете алмауда»,- дейді ашынған әртіс.

«МЕНІ ЕЛБАСЫҒА ЕШКІМ ЖОЛАТПАЙДЫ»

Жандос Әубәкіров министрлік, департамент және театр тарапынан ешкім бұл сұрақтарға жауап бере алмаған соң, Елбасының өзіне айтпақшы болған. 

«Елбасыны жеке танимын, алайда мені оған жолатпайды. Білесіз бе, Елбасы қолынан келгенінше жасайды, бірақ оның жанындағылар туралы ешқандай жақсы пікір айта алмаймын. «Егер Елбасы бұл былықты біліп қойса, не болады?» дегенімде, жиындардың бірінде Ақтоты Райымқұлова «Егер Елбасы білсе, бәрі орнынан ұшады» деген болатын. Елбасыға айтып қоятынымды біліп, мені Президент шыршасына да қатыстырмай қойған. Тізімнен алып тастады»,- дейді ол. 

СЫЙЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН ПӘТЕРЛЕР САТЫЛҒАН

Жандос Әубәкіровтың айтуынша, пәтерге ие болған тоғыз адам «Астана Операдан» Елбасы сыйлыққа берген сол пәтерлерді сатып алған. 

«Олардың қатарында менің марқұм досым Таир Гатауов та бар. Оларды да түсінуге болады. Олар «Астана Операның» қызметкерлері. Жұмыстарынан айырылғысы келген жоқ. Әділдік іздеуге жоғары лауазымды адамдардың қатысы болғандықтан, кіріскен жоқ. Театрдың тұрғын үй фондынан сатып алды. Нотариусқа барып сатып алу туралы келісімшарт жасады»,- дейді Жандос. 

ҚАЗІР ПӘТЕР КІМНІҢ МЕНШІГІНДЕ?

Балет саласы үздігінің айтуынша, 2013 жылдан бері ол тұрып келе жатқан пәтерді «Астана Опера» өздерінің меншіктері деп санайды. 2017 жылы ақпан айында солист жұмыстан кеткен соң, оны қудалау басталған. 

«Мен театрдан жұмыстан кеттім. Сол 2017 жылдың мамыр айында пәтерлер министрліктен театр балансына ауыстырылыпты. Мен «Астана Операда» жұмыс істемеген кезде, пәтер қалайша театрдың балансына өтті? Бұл - бірінші сұрақ. Екінші мәселе, «Астана Операның» не қатысы бар? Бізге пәтердің кілтін табыстаған кезде «Астана Опера» театры болған да жоқ. Президент істері басқармасы, Мәдениет министрлігі, «Астана Опера» бұл пәтерлерді бір-біріне қалай «лақтырғанын» құжат жүзінде көрсетті. Алайда, «пәтерлер қайдан пайда болды?» деген сұраққа ешкім ешқандай құжат көрсете алмайды»,- дейді әртіс.  

СОТ ПРОЦЕСІ ТАМЫЗ АЙЫНДА БАСТАЛҒАН

«Астана Опера» театры Жандос Әубәкіровті сотқа берген. Яғни, 2 баласы бар әртісті бұл үйден мәжбүрлі түрде шығармақшы. 

«Ақтоты Райымқұлова министрдің орынбасары болған кезде «Жандос, бұл Құл-Мұхаммед командасының бастаған ісі, біздің қатысымыз жоқ» деген болатын. Кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары болған сәтте, оған жүгініп, мәселені айттым. Оның айтуымен, ұжымдық хат жаздық. Алайда, бұл хат Мәдениет министрлігіне жіберілген. Министрлік «Біз білмейміз, Құл-Мұхаммедтің командасы кезінде болған іс» деп түсіндірді. Мен өзіме сыйлыққа берілген пәтерді сатып алғым келмейді. Егер маған бұл пәтер сыйға берілмеген болса, қайтарып беремін. Мен әділдікті қалаймын. Бар болғаны осы»,- деп түйіндеді сөзін Жандос Әубәкіров. 

2 қарашада екінші сот отырысы болады. Мәселенің қалай шешілері белгісіз. Жандос Әубәкіров бұл сот процесінен кейін де әлеуметтік желіге бәрін жариялайтынын айтты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері істің адал өткенін қалайды.

Azattyq Rýhy осы сұхбаттан соң, «Астана Опера» театры мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне ресми сауал жолдады. Жандос Әубәкіровтің бейнеүндеуіне қатысты бұл органдардан келген жауапты Azattyq Rýhy жариялайтын болады.   

Жандос Әубәкіровтің марапаттары: 

  • 2004 жылы – «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты;
  • 2006 жылы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік стипендия иегері;
  • 2007 жылы – М. Плисецкая атындағы «Рим сыйлығы» халықаралық балет байқауының қазылар алқасы төрағасының арнайы жүлдесінің иегері (Италия);
  • 2009 жылы — классикалық балет репертуарындағы жоғары орындаушылық шеберлігі үшін «Өнер және мәдениет» номинациясындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасының Қоры сыйлығының иегері;
  • 2012 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығымен Ақордада Президенттің қолынан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.