ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

Әкемтеатр 7 айлық карантиннен кейін жұмысын қайта бастады (ФОТО)

Театрда санитарлық талаптар толықтай сақталады

Алматыдағы ең негізгі екі театр да көрерменге есігін айқара ашты. Араға жеті ай салып елдегі қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 95-ші маусымын ашық деп жариялады. Әдетте көктемде ашылатын жаңа маусым пандемияға байланысты кешігіп жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Театр ұжымы биылғы маусымды «Абайдың жұмбағы» спектаклінің премьерасымен ашты (сахналық нұсқасын жасаған: Б.Әбділманов, М.Омарова, режиссері: А.Оспанбаева).   

«Біз биылғы маусымды Абай әлемімен бастап отырмыз. «Абайдың жұмбағы» атты спектакльдің премьерасынан басталды.  Абай – ұлы дария. Әр режиссер, әр буын өзінің Абайын іздейді. Біздің театр ұжымы да Абай әлеміне үнемі зер салып келеді. Бұл спектакль – соның бірі. Жаңа маусымда Абай туралы тағы бір қойылым болды. Ол 21 қазан күні Абайдың «Қара сөздерінің» желісімен қойылатын «Қара» спектаклінің премьерасы. Мәнері де, мағынасы да бөлек хакім туралы екі қойылымды тамашалаңыздар. Жаңа маусымда тың дүниелер сахналауды жоспарлап отырмыз», – деді театр директоры Еркін Жуасбек.

Театр директоры карантин кезінде де көрерменнен қол үзген жоқпыз дейді. Онлайн форматта іске асырылған театр жұмысына шолу жасап, алдағы жоспарларымен бөлісіп отырыпты. Театр YouTube видеопорталы және әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс атқарған. Актерлар онлайн-сұхбаттасып, түрлі бағдарламаларға қатысыпты. «Ұстаз бен шәкірт», «Сахна сәулесі», «Newпоэзия», «Жәдігер» секілді жобалар оқырман мен көрерменнің көңілінен шықты деуге болады. Театр директоры пандемияның әлі толық бітпегенін еске салып, сақтық шаралары талапқа сай жүргізілетінін ескертті.

«Ақсақалдарымыз үшін уайымдадық. Жастардың да осы індеттен аман болғанын Құдайдан тіледік. Бірақ қабырғамыз сөгілмей, бәріміз аман-есен бас қосып жатқан жайымыз бар. Жасы үлкендерімізді әлі де қашықтан жұмыс істеуге қалдырып отырмыз. Енді театрда карантин талаптарын сақтауға бар назарды салып жатырмыз. Қазір үлкен залда 700 орын болса, соның тек жартысына ғана билет сатылады. Яғни, бір ретте 350 адамдай келіп қойылымды тамашалайды. Есіктен бастап, сахнаға дейін санитар дәрігерлер қойған арнайы талаптарды сақтауды қадағалаймыз», - дейді театр басшысы.


Суретте: Еркін Жуасбек

Кеше театр ұжымы көременге тағы бір жаңа қойылым ұсынды. «Қара» спектаклінің премьерасы өтті. Оның сахналық нұсқасын жасаған әрі қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

«Қара» спектаклі – әп-сәтте қазақы болмысымызға оралтып, ұлттық рухты көтеріп, айбынымызды асқақтататын шығарма. Абайдың «Қара сөздеріне» жан бітірген қойылым өркениетке ұмтылған ұлттың ұрпағын жаһандануға жұтылып кетуден сақтап қалатынына сенгіміз келеді дейді көрермендердің бірі.

Театрда жыл соңына дейін тағы екі жаңа қойылым болады. Неміс театрының режиссері Наталья Дубстың қоюымен мәскеулік драматург Олжас Жанайдаровтың шығармасы сахналанады. Спектакль «Кафедегі екеу» деп аталады. Одан бөлек, белгілі драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Кедейлердің базары» деген әлеуметтік комедиясы дайындалып жатыр. Ол да әкемтеатр сахнасынан көрермен назарына ұсынылады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы