«Бес айлық сәбиді өлтірген»: бір қылмыскерді ұстау үшін Қызылорданың пост-бекеттеріндегі бақылау күшейді
Баланың анасы әлі жансақтау бөлімінде жатыр
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Қызылордада ауыр жол апаты орын алды: Mitsubishi Lancer көлігін мінген жас жігіт 26 жастағы әйелді қолындағы баласымен қоса басып кетіп, ізін жасырған. Қызылорданың полициясы оны үш күннен бері таба алмай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Полиция екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеп, редакциямыздың сауалына жауап берген.
«Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кетіп қалу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Күдіктіні іздестіру және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларына Полиция департаментінің барлық күші мен құралдары жұмылды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қалаға кіре беріс жолдарда бақылау күшейген көрінеді.
Еске салайық, 13 қазанда сағат 17:10 шамасында Қызылорда қаласындағы Құлтекенов көшесінде Mitsubishi Lancer көлігінің жүргізушісі әйел мен бес айлық сәбиді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Сәби ауруханада көз жұмды, ал 26 жастағы Наргиз Бұқарбай ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түсті.
Жараланған әйелдің туысы Арайдың айтуынша, келінінің жағдайы өте ауыр, ол есін әлі толық жимаған. Алда бірнеше операция жасалуы мүмкін.