10 млрд теңге ұрлап сотталған: Астанада құрылыс компаниясының экс-басшысы әкімдік салған үйді тартып алмақ болған
Оның заңсыз ісіне полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталды
Астанада тұрғын үй салатын компанияның басшысы бірнеше жыл бұрынғы қылмысы үшін түрмеге қамалған. Ол бостандыққа шыққан соң өзі салып бітірмеген тұрғын үйді тартып алу үшін сұмдық қулық-сұмдыққа барған. Қаржылық мониторинг агенттігі осыған байланысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Агенттік мәліметінше, Астанада «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқырған. Осы қылмысы үшін ол 2016 жылы 8 жылға сотталып кеткен еді.
Бұл тұрғын үй кешенінің құрылысы кейіннен Астана қаласы әкімдігінің көмегімен аяқталған. Сол кезде пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік жағынан осал топтағы өзге де азаматтарға берілуі тиіс еді. Алайда түрмеден босап шыққаннан кейін А. Байжұманов сыбайластарымен бірге сол пәтерлерді тартып алудың жаңа жолын ойлап шығарды.
Ол үлескер болмаған және пәтер сатып алмағандардың атына кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттар жасап, құжаттарды өткен күнмен рәсімдеген. Осы жалған үлескерлердің атынан алаяқтық жасалғаны туралы арыздар берген. Сол арыздардың негізінде қылмыстық істер қозғалып, жалған үлескерлер жәбірленуші деп танылған. Қылмыстық топ сот шешімін пайдаланып, пәтерлерді өз атына рәсімдеген соң оларды өзге адамдарға сатып, түскен ақшаны өзара бөліспек болған.
«Тергеу барысында қылмыстық әрекетке 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны анықталды. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланған. Осылайша жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемденбек болған. Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндет жүктелген. Бірі жалған үлескерлерді тауып, олардың атына жалған шарттар рәсімдесе, енді бірі сол шарттарды өзге азаматтарға сатып, қылмыстық істердің жүргізілуіне ықпал еткен», – делінген агенттік хабарламасында.
Қылмыстық топ кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттарды сатқан. Соның салдарынан оларға 400 млн теңгеден астам шығын келген.
«Бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталды. Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және дәлелдемелерді бұрмалағаны бойынша тергеу басталды. Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың тоғызы қамауға алынды. Күдіктілердің жалпы құны 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық процеске қатысушы тараптар іс материалдарымен танысуға кірісті», – деп жазады ҚМА.
Қаржылық мониторинг агенттігі өзге мәліметтерді Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуден бас тартқан жоқ.