Ресей әнші NAVAI ісіне байланысты Қазақстанға нота жіберді: ҚР СІМ ресми мәлімдеме жасады

Ресей тарапы әнші жайлы мәлімет беру жөнінде өтінішпен жүгінген

Ресей әнші NAVAI ісіне байланысты Қазақстанға нота жіберді: ҚР СІМ ресми мәлімдеме жасады
Фото: instagram.com/Navaib

Жамбыл облысында есірткімен қолға түскен әнші Наваи Бакировке (лақап аты – NAVAI) байланысты Ресей Қазақстанға нота жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресей тарапы әнші жайлы мәлімет беру жөнінде өтінішпен жүгінген.

«Сыртқы істер министрлігіне Ресей тарапынан нота келіп түсті. Онда Ресей Федерациясының ұсталған азаматтары туралы мәлімет беруі және олардың қай жерде екенін хабарлау жөнінде өтініш білдірген. Консулдық қызмет аясында мұндай өтініштермен жүгіну – қалыптасқан тәжірибе», – делінгін хабарламада.

Әнші 13 қазан күні Жамбыл облысындағы «Қордай» өткізу бекетінде қолға түскен. Оған әншінің көлігінен есірткі табылуы себеп болды.

«Министрлік тиісті сауалды Қазақстанның құқық қорғау органдарына жолдайды», – делінген ҚР СІМ-нің агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Айта кетейік, осыған дейін Қордай аудандық соты NAVAI лақап атымен танымал ресейлік әншіні екі айға қамауға санкция бергені хабарланған.