Қарақұрт жұтып қойған: Маңғыстауда екі жастағы қыз комаға түсіп қалды

Дәрігерлердің көмегімен жағдайы тұрақтанып, бүлдіршін үйіне шығарылды

Қарақұрт жұтып қойған: Маңғыстауда екі жастағы қыз комаға түсіп қалды
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысында екі жастағы қыз болжам бойынша қарақұрт шаққаннан кейін он күн жансақтау бөлімінде жатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оған қарақұрт уына қарсы сарысуды екі рет енгізіп, бүлдіршіннің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, оқиға балалар ойнап жүрген кезде болған. Басқа бір бала бүлдіршінге өрмекшіні берген, ал қыз оны жұтып қоюы мүмкін. Бұл туралы оқиға кезінде жанында болған алты жастағы бала кейін айтып берген. Қыздың жағдайы күрт нашарлаған соң, дәрігерлер оны аман алып қалуға кіріскен.

Алдымен қыз аудандық ауруханаға жеткізілген. Бірінші дәрежелі кома жағдайындағы науқасты санитариялық авиация арқылы Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына шұғыл тасымалдаған. Ұшар алдында дәрігерлер әріптестерімен телемедициналық кеңес өткізіп, қарақұрт уына қарсы сарысудың алғашқы дозасын енгізу туралы шешім қабылдаған.

Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев бұл жағдай науқастың күйін үздіксіз бақылауды талап еткенін айтты.

«Баланың өмірін сақтап қалу үшін бүкіл медициналық топ орасан зор жұмыс атқарды. Аудандық аурухана дәрігерлері науқастың жағдайының ауырлығын дер кезінде бағалап, қажетті көмекті ұйымдастырды. Санитариялық авиация бригадасы оны қауіпсіз тасымалдады. Ал біздің реаниматологтар Мереке Бекбаев, Гүлайым Жанова, Амангелді Дүйсенбек, Заманбек Айтмұратов, Жандос Нұрлыхани және медбикелер тәулік бойы қыздың өмірі үшін күресті. Баланың үйіне оралуына әрқайсысы өз үлесін қосты», – деді реанимация бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев.

Қыз жансақтау бөлімінде он күн жатқан. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, бүлдіршін комадан шықты. Ол өздігінен тыныс ала бастаған соң, өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды.

Емінің жалғасын тиісті бөлімде алған қыздың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйіне шығарылды.