Сарайшық қаласынан табылған қабірхана Қасым ханның жерленген орны болуы мүмкін
Қазақ хандығының астанасы болған шаһарда жеті ханның сүйегі жатқаны айтылады
Атырау облысындағы өз дәуірінде үш мемлекеттің: Алтын Орда, Ноғай Ордасы және кейін Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласынан ерекше қабірхана табылды. Оны археологтар тарихи деректерге сүйене отырып, ұлтымыздың ұлы тұлғасы – Қасым ханның жерленген орны болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Археологтар Қазақ тарихындағы қабырғалы тұлға Қасым ханның жерленген орны деп болжанған қабірхананы көру үшін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов тарихи шаһарға барды.
Тарихшылар Сарайшыққа Жәңгір хан Бөкейханұлының 1840 жылдары келіп, ұлы атасының басына белгі қойып, «хан моласы» аталатын жерді қоршатқанын айтады. Өкінішке қарай, аталған белгі кейін жоғалып кеткен екен.
Былтыр атыраулық ғалымдар Ресей мұрағатынан Сарайшық қаласының көне естелік-сызбасын тауыпты. Орыстың зерттеуші-ғалымы Алексей Алексеев 1861 жылғы еңбегінде хан зираты орнын анық көрсетіп, «әулие-склеп» деген белгі қойыпты. Ол өзі барып көрген «ханская могиланы» күмбезді әрі еңселі кесене, 3 жағында терезесі, ал шығысында есігі бар деп сипаттаған. Археологтардың сөзінше, аталған деректер ашылып жатқан кесененің сұлбасымен дәлме-дәл келіп отыр.
Ұлы Жібек жолы бойындағы орта ғасырдағы ең өркениетті қаланың бірі Сарайшықтың дәуірлеген тұсы Қасым ханның есімімен тікелей байланыстырылады. Қазақ хандығының астанасы болған, хандар пантеоны атанған шаһарда жеті ханның сүйегі жатқаны айтылады. Солардың бірі – Қасым хан.
Тарихшылар көне Сарайшықтың ең дәуірлеген тұсы аталған тарихи тұлғаның билік құрған уақытына сәйкес келтінін айтады.
«Соңғы жылдары табылған тарихи деректер де Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін толықтай айғақтайды. Ханның жерленген орнын анықтау мақсатындағы экспедициямыз жемісті болды деуге болады. А. Алексеевтің жазбасында айтылған мәліметтер мен қазылып жатқан қабірхананың сәйкестігі 99 пайыз», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар.
Қазіргі кезде кесененің құбыладан шығысқа қарай созылған 8 метрлік іргетасы қазып шығарылды. Ол терістікке қарай тағы 8 метрге созылмақ. Археологтар оның ішіндегі сүйектерге де жетті. Оларды бүлдірмей алу үшін қабірхананың үстіндегі бертінде пайда болған зираттағы сүйектерді өзге жерге көшіру керек. Жергілікті имам мен зиратта жатқан марқұмдардың ұрпағы тиісті рұқсатын берген.
Тарихшы Әбілсейіт Мұхтар негізгі жұмыс келер жылы басталып, мазар аумағын тазалауға кірісетінін айтты. Зерттеу жұмыстарына алдағы уақытта белгілі антропологтар, археологтар мен этнограф-ғалымдарды да тарту жоспарланыпты.
Аумағы 3 шаршы шақырым болатын көне қорымда тоқсаныншы жылдардан бастап жаңаша қарқынмен археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеу жұмыстары толассыз жүргізіліп келеді.
«Археологтарымыз ел жадында жатталған тарихи тұлға Қасым ханның орны табылды деп жорамалдап отыр. Егер зерттеу, анықтау жұмыстары оны растайтын болса, ұлттық тарих үшін үлкен сілкініс болады деп ойлаймын. Ақжолтай ақпар алғаш шыққан кезде осы қазба жұмысының басында жүрген белгілі тарихшы Әбілсейіт Мұхтарды қабылдап, сөйлескен едім. Бүгін арнайы көруге келдім. Елбасымыздың қолдауымен, президентіміздің тапсырмасымен тәуелсіздік алғалы бері ұлттық тарихты түгендеу жұмыстары толассыз жүргізіліп келеді. Содан бері тарлан тарихтың талай ақтандақ беттері ашылды», - дейді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.