Кинотеатрлар 20 млрд теңге шығынға батты – Мәдениет министрлігі

Мәдениет және спорт министрі ОКҚ-да брифинг өткізді

Кинотеатрлар 20 млрд теңге шығынға батты – Мәдениет министрлігі
Фото: yvision.kz

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пандемия кезінде шығынға ұшыраған кинотеатрлардың жайына тоқталып, оларға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын айтты.

«Ведомствоаралық комиссия кинотеатр жұмысын қайта жандандыруға әлі ерте екенін айтады. Біз эпидемиологиялық жағдай жақсарып, кинотеатрлардың ашылуынан үміттеніп отырмыз. Кинотеатрлардың өте үлкен шығынға ұшырап, жұмыс орындарының қысқарып жатқанынан хабарымыз бар. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатыр», - деді министр.

Ақтоты Райымқұлованың есебі бойынша, пандемия салдарынан еліміздегі кинотеатрлар 20 млрд теңге шығынға батқан. Сондай-ақ министр шығынға батқан кинотеатрларға қаржылық қолдау көрсетіліп, жеңілдіктер берілетінін жеткізді.

«Кинотеатрлардың жағдайын түсінеміз. Ұлттық экономика министрлігімен бірге кинотеатрларға берілетін артықшылықтар мен салықтық жеңілдіктер туралы нормаларды әзірледік. Соның аясында бұл мекемелер жыл соңына дейін жеке табыс салығынан, әлеуметтік салықтан, сондай-ақ міндетті зейнетақы төлемдерінен және әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылады. Мемлекет олардың шығынын барынша азайту үшін шара қолданады», - деді министр.

Еске сала кетейік, Қазақстанда пандемияға дейін барлығы 90-нан астам кинотеатр жұмыс істеп тұрды. Қазір қаржылық қиындыққа байланысты 7 кинотеатр толықтай жұмысын тоқтатқан.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.