Шоу-бизнестегі былық: Қазақстанда қандай танымал жұлдыздар есірткімен ұсталды
Олардың бірі есірткіні өзі қолданса, енді бірі сатып, пайда таппақ болған
Бірер күн бұрын Жамбыл облысындағы шекарада NAVAI лақап атымен танымал ресейлік әнші Наваи Бакиров есірткімен ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстанда да есірткі қолданғаны немесе оны ірі көлемде таратқаны үшін дауға қалған танымал жұлдыздар аз емес. Azattyq Rýhy тілшісі ел ішінде резонанс тудырған атышулы оқиғаларды жинақтады.
Сабыржан Түзелбаев. Соңғы уақыттары орынсыз әзілдерімен жұрттың сынына жиі ұшырап жүрген танымал асаба Шымкенттегі қонақүйлердің бірінде ұсталды. ІІМ мәліметінше, тінту кезінде қонақүй бөлмесінен ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған пакет пен өсімдік тектес зат табылып, тәркіленген.

Фото: Instagram парақшасынан
Оны ұстау барысында ер адамның жанында алдын ала мәлімет бойынша интимдік қызмет көрсететін әйел болған. Оның ұсталғанына екі айға жуық уақыт өтті. Асаба тәркіленген есірткінің мефедрон және «мак» екенін айтып, оларды өзі қолдану үшін сатып алғанын айтып ақталған. Оған қатысты нақты қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
Әнші Qarakesek. Танымал әнші Омар Амантаев 2025 жылдың 30 тамызында Ақтөбеде есірткіге мас күйде көлік жүргізген жерінен ұсталған. Оны тінту барысында 0,26 грамм мефедрон синтетикалық есірткі табылған.

Фото: Видеодан скрин
Ол сол жылы сот шешімімен 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Сол сияқты сот оны 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіп, нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емделуге міндеттеді.
Мәди Жолбасаров. Көкшетауда танымал актер 2024 жылы ірі көлемде есірткімен ұсталған. Оны тінту кезінде 4500-ден астам доза есірткі табылған. Актердің үйін тінту барысында жалпы салмағы 1,5 келі болатын электронды таразылар, орау жабдықтары және синтетикалық есірткі – мефедрон мен alfa-PVP тәркіленді.

Фото: egov.press
Өнер жұлдызының ұсталғаны туралы ақпарат жарияланғанмен, оған қатысты қандай сот үкімі шыққаны белгісіз. Ресми еш жерде ақпарат жарияланбаған,
Төреғали Төреәлі. Атышулы әншінің Алматы қаласындағы оқиғасы әлі де ел есінде. 2023 жылдың шілде айында танымал әнші есірткіге мас күйде көлік жүргізіп, полициядан қашқан. Lexus көлігіне мінген ол полицияның тоқта дегеніне қарамастан қашып, артынша тәртіп сақшыларының қызметтік көлігіне соғылған. Қызығы сол, полиция оны қолға түсіргеннен кейін де қашып кетуге тырысқан. Ол бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, ісі сотқа кеткен.

Фото: Видеодан скрин
Ол жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылып, 20 тәулікке қамалған. Сол сияқты сот оны 40 сағат қоғамдық жұмысқа жеккен еді.
Mad Men әншілері. «Орда» тобының әншісі Есболат Беделхан құрған Q-pop бағытындағы топтың әншілері Алматыда 2021 жылдың жазында қолға түскен. ІІМ мәліметінше, әншілердің 8-і ұсталып, 4-еуі жауапқа тартылды.

Фото: Алматы ПД
Ал ең сорақысы, олар есірткіні өздері жасап, оны өзгелерге сатумен айналысқан болып шықты. Олар осы қылмысы үшін ұзақ жылға сотталған. Топ жетекшісі Руслан Хван 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, негізгі үш қатысушы 16 жылға, тағы біреуі 15 жыл 3 айға сотталып кеткен еді.