Танымал блогер Нұрбек Нұртаза анасынан айырылғанын хабарлады
Ол ұзақ дерттен көз жұмған
Танымал блогер Нұрбек Нұртаза әлеуметтік желідегі парақшасында анасының өмірден өткенін хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, анасы 2026 жылдың 25 маусымында қайтыс болған. Блогер соңғы апталардың отбасы үшін ең ауыр кезең болғанын айтып, анасының өмірінің соңына дейін дертпен күрескенін жеткізді.
«Анамда сирек кездесетін генетикалық ауру Вильсон дерті болды. Ол ауыр бауыр циррозына әкелді. Біз барлық мүмкіндікті іздедік, әрбір үмітке жармастық. Бірақ Алланың жазуы басқа болды», – деп жазды ол.
Нұрбек Нұртаза енді анасының дауысын ести алмайтынын, оны құшақтай алмайтынын түсінудің өзі ауыр екенін айтты. Сондай-ақ ол қолдау білдірген, дұға жасап, қан тапсырған және қиын сәтте жанынан табылған жандардың барлығына алғысын жеткізді.
«Егер мүмкін болса, анамның рухына дұға бағыштаңыздар. Бұл ол үшін ең үлкен сый болар еді», – деді блогер.
Жазбасының соңында ол оқырмандарына ата-анасын қадірлеуге, көбірек хабарласып, жақсы көретіндерін айтып жүруге кеңес беріп, анасына деген сағынышын білдірді.
«Анашым, мен сізді өте қатты жақсы көремін. Барлығы үшін алғыс», – деп жазды Нұртаза Нұрбек.
Еске салсақ, 2024 жылы ауыр дерттен блогердің әкесі қайтыс болған еді.