Бүгін, 16:57
AR trend

Eminem-нен «Джованнаға» дейін: әлемдік хиттерді домбырада орындаған жігіт ұлттық өнерді жаңа қырынан танытып келеді

Қазір ол әлемдік хиттерді домбыраның нақышына салып жүр

Eminem-нен «Джованнаға» дейін: әлемдік хиттерді домбырада орындаған жігіт ұлттық өнерді жаңа қырынан танытып келеді
Фото: жеке мұрағат

Осы жексенбіде еліміз жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтетін айтулы мереке Ұлттық домбыра күні тойланады. Төл мәдениетіміз бен ұлттық кодымыздың символына айналған бұл күннің маңызы ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің соңғы бірлескен отырысында домбыра күнін мемлекеттік деңгейде ұлықтап, оның тәрбиелік мәнін арттыру қажеттігін қадап айтқан болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы айтулы мерекеге орай, қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп, ұлттық әуенді заманауи бағытта құбылта білген кәсіби музыкант, композитор-аранжировщик, әлеуметтік желіде ZhakSoul лақап атымен танымал Жақсылық Мұхаметжанов өзінің өнерге келу жолы мен шығармашылығы жайында редакция тілшісіне сыр шертті.

«Өзім 1991 жылы Ақмола облысының Ақкөл ауданында дүниеге келдім. Балалық шағымның өзі аты айтып тұрғандай Домбыралы ауылында өтті. Алғашқы білімімді туған ауылымда алып, кейін Ақкөл қаласындағы балалар музыка мектебінде жалғастырдым. Музыкаға деген құштарлық мені Астанаға жетелеп, мұндағы Қазақ ұлттық музыка академиясында жоғары білім алдым. Өнер жолында ешқашан музыкадан қол үзбей, композитор-эстрада аранжировкасы мамандығын тәмамдап шықтым», – дейді музыкант.

Балалық шақтан басталған бұл өнер жолында кейіпкеріміздің кәсіби музыкант болып қалыптасуына алғашқы ұстаздары мен орындаушылықтан композиция бағытына бет бұруы үлкен серпін берген. Ол өзінің шығармашылық ізденісі мен домбыра үнін жаңаша өрнектеуі жайлы естеліктерімен де бөлісті.

«Төл өнеріміздің қыр-сырын танып, домбыраны жаныма серік етуіме алғашқы ұстазым Майра Ислямқызының қосқан үлесі зор. Ол кісінің алғашқы дәрістерін туған ауылым Домбыралыда жүргенде алдым. Содан бері, міне, 12 жасымнан бастап қара домбыраның үнімен өсіп, күй құдіретін сезініп келемін. Балалық шақта басталған бұл әуезді сапар кейін Ақкөл қаласындағы балалар музыка мектебінде заңды жалғасын тапты. Музыка мектебін тәмамдаған соң шығармашылық ізденісім жаңа арнаға бұрылды. Тек қана орындаушы болып қалумен шектелмей, музыканың ішкі иірімдерін өзімше өрнектегім келді. Сондықтан мамандығымның бағытын сәл өзгертіп, композиция мен аранжировка саласына бет бұрдым. Десек те, бұл таңдау мені өнерден алыстатқан жоқ, керісінше, ұлттық аспаптың үнін жаңа қырынан танытып, заманауи бағытта құбылта түсуіме үлкен мүмкіндік сыйлады», – дейді ZhakSoul.

Бүгінде әлеуметтік желілер өнерпаз бен көрермен арасындағы алтын көпірге айналғаны жасырын емес. Дәстүрлі аспаптың үнін заманауи трендтермен ұштастырып, ұлттық өнерді жаңа биікке көтерген Жақсылық Мұхаметжановтың виртуалды әлемдегі бағы да дәл осы виртуалды кеңістікте жанған екен. Музыкант әлемдік хиттерді домбырамен орындау идеясының қалай туғаны және өзіне алғашқы танымалдылық сыйлаған туындыларға да тоқталды.

«Бұл шығармашылық серпіліске, шыны керек, TikTok платформасы үлкен түрткі болды. Барлығы 2022 жылы әлеуметтік желідегі #домбыра челлендж жобасынан басталды. Челлендждің шарты қарапайым домбырада ойнаған сәтіңді таспаға тартып, желіге жариялау еді. Тәуекел етіп, мен де өз видеомды жүктедім. Дәл осы сәт өнер жолымдағы жаңа бір парақтың ашылуына себепкер болды, содан бері өз блогымды тұрақты түрде, қызығушылықпен жүргізіп келемін. Төккен тер мен үздіксіз еңбектің арқасында TikTok пен Instagram-дағы аудиториям жылдам өсіп, тыңдармандар тарапынан жылы лебіздер көптеп келе бастады. Маған ең үлкен танымалдылық пен оқырманның ерекше ықыласын сыйлаған туындылардың бірі әйгілі «Mockingbird» композициясының домбырадағы нұсқасы болды. Мұнымен қоса, «Джованна» туындысы, сондай-ақ көп қазақ әндері мен әлемдік хиттердің қазақы нақыштағы жаңаша орындалуы тыңдармандардың жүрегінен жол тапты», - дейді күйші.

Оның айтуынша, блогерлермен шығармашылық байланыс та орнатқан.

«Осы уақытқа дейін танымал блогер Айдос Қожахметовпен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істедік. Әзірге әлемдік деңгейдегі ірі жұлдыздармен бірлескен ауқымды жобаларым қолға алына қойған жоқ, бірақ бәрі алда деп сенемін. Ал егер қазақ домбырасының заманауи ырғақпен қалай құбылатынын көргіңіз келсе, әлеуметтік желідегі парақшама бас сұғып, өздеріңізге ұнайтын тың дүниелерді таба аласыздар», – деп ағынан жарылды музыкант.

 

Ұлттық аспапты әлеуметтік желі арқылы жаһандық деңгейде танытып жүрген музыканттың елдегі домбыра өнерінің бүгінгі насихатына көзқарасы да ерекше. Мереке қарсаңында ZhakSoul төл өнеріміздің мәртебесін бұдан да биіктету үшін не істеу керектігін айтып, отандастарын айтулы күнмен құттықтады.

«Ең алдымен, барша отандастарымды, өнерсүйер қауымды келе жатқан ұлық мереке – Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жалпы, бүгінгі таңда қазақтың қара домбырасының насихаты жаман емес, жылдан жылға жақсы дамып келе жатыр деп айта аламын. Алайда мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Насихат деңгейін «өте жоғары» деп бағалау әлі ертерек, бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыстар шаш етектен. Егер біз ұлттық кодымызды сақтап, өнерімізді әлемге паш еткіміз келсе, ең алдымен осы салада тер төгіп жүрген өнерпаздарға жағдай жасауымыз керек. Ұлттық өнерді дәріптеп, оны заман талабына сай құбылтып жүрген дарындарға мемлекеттік тұрғыда да, қоғам тарапынан да көбірек қолдау көрсетіліп, олардың шығармашылық еркіндігіне, жаңа жобаларына мүмкіндік берілсе екен деймін. Тек шынайы қолдау бар жерде ғана домбыраның үні бұдан да асқақтап, насихаты мүлдем бөлек, заманауи әрі жоғары деңгейге көтерілері сөзсіз», –  деді Жақсылық Мұхаметжанов.

Кез келген шынайы өнерпаздың қозғаушы күші – оның асқақ арманы мен алға қойған айқын мақсаты. Домбыраның үнін жанына серік еткен Жақсылық та болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Музыкант өзінің ең үлкен арманы мен алдағы уақытқа жоспарлаған ауқымды жобалары туралы айтты.

«Менің ең үлкен арманым – өмір бойы музыкамен бірге тыныстап, өнер айдынында жүзу. Сонымен қатар, келешек ұрпақтың қазақтың қасиетті қара домбырасын ұмытпай, оның киелі үнін жүрегіне сіңіріп өскенін қалаймын. Домбыра – тек қазақтың ғана еншісіндегі дүние емес, ол бүкіл адамзат баласын баурап ала алатын, әлемдік сахнада өзіндік орны бар ерекше аспап. Сондықтан оның қасиетті үні болашақ ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталып, ұлттық аспабымызды әлемге таныта беруі – ең үлкен тілегім», - дейді ол.

Ал сазгер болашақта шығармашылықпен бұрынғыдан да белсенді, құлшыныспен айналысуды көздеп отыр. Көпшілікке танымал кавер-нұсқалардан бөлек, жақын арада өзінің төл авторлық туындыларын да жарыққа шығаруды жоспарлап жүрмін.

«Мұнымен қоса, желідегі тыңдармандарымды жаңа бейнежобалармен қуантпақпын. Онда тек күй күмбірлеп қана қоймай, Қазақстанның әсем табиғаты мен көрікті жерлері де көрініс табады. Өйткені біздің атамекеніміздің табиғаты өте көркем, оны домбыра әуенімен астастырып әлемге паш ету мен үшін үлкен мәртебе. Жалпы айтқанда, ең басты мақсатым шығармашылығым арқылы қоғамға, адамдарға титтей де болсын пайда әкеліп, жүректерге жылулық сыйлайтын сапалы дүниелер жасау», – деп түйіндеді сөзін музыкант.