85 жасында билеп үйренген: Жеңісқожа ақсақал халықаралық байқауда бас жүлде иеленді
Ол осы жасында билеп үйренген
Жеңісқожа Жұмабаевтың өмір жолы бүгінде көпшілікке үлгі болып отыр. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына екі жылдан бері тұрақты түрде келіп жүрген ақсақал осы уақыт ішінде «Аңыз» би ансамблінің ең белсенді мүшелерінің біріне айналды. 85 жасында өмірінде алғаш рет би өнерімен айналыса бастаған ол жаңа хоббиді меңгеріп қана қоймай, үлкен жетістіктерге де қол жеткізді. деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғары мәдениетті, парасатты да зиялы қария бойындағы табандылықтың, еңбекқорлықтың және өнерге деген шынайы сүйіспеншіліктің арқасында аз ғана уақыт ішінде биік шыңдарды бағындырды.
Ол «Аңыз» ансамблінің құрамында Астана мен Қарағанды қалаларында өткен республикалық байқаулардың бас жүлдесін иеленді. Мұнымен қоса, Түркияда өткен «Dance with Your Soul!» халықаралық би байқауында ансамбльмен бірге бас жүлдені қанжығасына байлап, кезекті үлкен табысқа қол жеткізді.
Осынау ғаламат жетістіктердің артында ансамбль жетекшісі әрі хореограф Ирина Смағұлованың кәсіби еңбегі жатыр.
Небәрі екі жыл ішінде ол бірнеше би тобын дайындап, «Қыздар-ай» халықтық ансамблін, сондай-ақ «Элеганс» және «Аңыз» би ансамбльдерін құрды. Тәжірибелі тәлімгердің мол тәжірибесі мен басшылығының арқасында шығармашылық ұжымдар өз әлеуетін толық ашып, республикалық және халықаралық деңгейде жоғары танымалдылыққа ие болды. Ал Жеңісқожа ақсақалдың бұл өмір жолы – жас ерекшелігінің жаңа белестерді бағындыруға ешқандай кедергі емес екенін дәлелдейтін, көпшілікке жігер беретін жарқын үлгіге айналды.