Әлем назарынан тыс қалған соғыс: Суданда екі жылда 150 мыңнан астам адам қаза тапты
БҰҰ соғыстың жақын елдерге таралу қаупін ескертіп, дабыл қақты
Азамат соғысы болып жатқан Суданның батысындағы Солтүстік Дарфур аймағының астанасы – Эль-Фашер қаласын жедел қолдау күштері (RSF) басып алды. Бұл туралы Еуропалық саясат институты жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Халықаралық көші-қон ұйымының дерегінше, 26-29 қазан аралығында қала маңынан 62 мыңнан астам бейбіт тұрғын босып кеткен. 500 күннен астам қоршауда болған қала тұрғындары аштыққа ұшырап, дрондардың соққысынан ғимараттар күл-талқан болған. RSF жасақтары тұрғын үйлерге тінту жүргізіп, адамдарды жаппай тұтқындап, кейбірін сотсыз атып тастағаны хабарланды.
Судандағы азаматтық соғыс 2023 жылғы сәуірде басталған. Оған Судан қарулы күштерінің басшысы Абдель Фаттах әл-Бурхан мен RSF жетекшісі Мохамед Хамдан Дагалоның билікке таласы себеп болды.
2019 жылы халық көтерілісі нәтижесінде 30 жыл елді басқарған диктатор Омар әл-Башир биліктен қуылды. Армия мен бейбіт тұрғындар бірігіп уақытша үкімет құрды, бірақ 2021 жылы екі генерал төңкеріс ұйымдастырып, оны құлатты. Кейін Абдель Фаттах әл-Бурхан мен Мохаммед Хамдан Дагало елдің болашағы мен әскерді біріктіру мәселесінде келісе алмай, бір-біріне соғыс ашты.
RSF бұрын «Джанджавид» деп аталған қарулы топтың мұрагері саналады. Бұл жасақтар 2000-жылдары Дарфурда геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деп айыпталған болатын. Қақтығыстың ушығуына аймақтық державалардың да ықпалы бар. Мысыр мен Сауд Арабиясы Судан қарулы күштерін, ал Біріккен Араб Әмірліктері RSF күштерін қолдап отыр деген деректер бар.
БҰҰ мәліметінше, Суданда соғыс басталғалы бері 150 мыңнан астам адам қаза тауып, 12 миллионнан астам адам босқынға айналды. Қазір 30 миллионнан астам судандық, оның ішінде 16 миллион бала, аштық, ауру және соғыс салдарынан гуманитарлық көмекке зәру.
Еуропа Одағы 2025 жылы Суданға 270 млн еуро көлемінде қаражат бөлді. Брюссель қақтығысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық және гуманитарлық бастамаларды қолдауды жалғастырып отыр. Жедел қолдау күштері Эль-Фашерді басып алғаннан кейін соғыстың жаңа кезеңі басталды. RSF қазір Дарфур мен Кордофанның басым бөлігін бақылап отыр, ал үкімет күштері елдің шығысын ұстап тұр.
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Судандағы соғыс аймақтық тұрақтылықты бұзу, Қызыл теңіз бойындағы елдерге де таралу қаупі бар.
2025 жылғы 30 қазанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл жиын өткізіп, RSF қырғынын айыптады. Ұйым дерегінше, қаладағы жартылай жұмыс істеп тұрған санаулы медициналық мекемелердің бірі саудиялық босану үйінде 500-ге жуық адам қаза тапқан. Еуропа Одағы Судандағы соғыс қылмыстары үшін жауапкершілік тетіктерін күшейтуді қолдайтынын мәлімдеді.