Трамп «ақымақ» деп атаған саясаткер Нью-Йорк мэрі болып сайланды
Зохран Мамдани қоғамдық көлікті тегін еткісі келеді
Үндістан тумасы Зохран Мамдани Нью-Йорк мэрі атанды. Алдын ала нәтижелерге сәйкес, ол 50,4 пайыз дауыс жинап, қарсыластары Кёртис Слива мен Эндрю Куомоны артта қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
DW мәліметінше, 34 жастағы Мамдани Угандада үнді отбасында дүниеге келген. Анасы – танымал режиссер Мира Наир, ал әкесі – ғалым Махмуд Мамдани. Балалық шағын Оңтүстік Африкада өткізген ол кейін Нью-Йоркке қоныс аударып, 2018 жылы АҚШ азаматтығын алған.
Мамдани сайлауалды бағдарламасында табысы төмен тұрғындарға арналған баспана мәселесін, ең төменгі жалақыны арттыруды және қоғамдық көлікте тегін жүру жүйесін енгізуді ұсынды. Алайда оның солшыл бағыттағы бастамалары мен бизнеске салықты көбейту жоспары қаладағы кей кәсіпкерлер мен саясаткерлердің наразылығын туғызды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Мамданидің саясатын ашық сынға алды. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында «егер Мамдани сайлауда жеңіске жетсе, Нью-Йоркке федералдық қаражат тек заңмен бекітілген ең төменгі мөлшерде ғана беріледі» деп мәлімдеген.
Осыған дейін Дональд Трамп Зохран Мамданиді «ақымақ коммунист» және «өз сағатын күтіп тұрған апат» деп атаған болатын. Ал Мамдани, өз кезегінде, қаланың игілігі үшін президент Трамппен ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін, бірақ ешқандай қысым мен қорқытуға бой бермейтінін мәлімдеді.