АҚШ-та алып жүк ұшағы апатқа ұшырап, түгі қалмай өртеніп кетті: 4 адам қаза тапты
11 адам жарақат алған
АҚШ-тың Кентукки штатындағы Луисвилл қаласында UPS компаниясына тиесілі MD-11 жүк ұшағы ұшып шыққаннан кейін апатқа ұшырады. Ұшақ Гонолулуға бағыт алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Губернатор Энди Беширдің мәліметінше, апат салдарынан кемінде төрт адам қаза тапты, тағы 11 адам жарақат алған. UPS дерегі бойынша, бортта үш экипаж мүшесі болған, бір адам жерде көз жұмған.
Апат кезінде ұшу-қону жолағының артындағы бірнеше ғимарат өртенген. Куәгерлер ұшақтың қанаты отқа оранып, жерге соғылған сәтте жалыны аспанға шарпыды дейді. АҚШ Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, апатқа ұшыраған ұшақ 34 жыл бұрын шығарылған. Гонолулуға ұшуға дайындалып жатқан MD-11 ұшағына шамамен 144 мың литр жанармай құйылған.
Апаттан кейін Луисвилл әуежайы уақытша жабылды. UPS бұл хаб арқылы әлемдегі ең ірі жүк тасымалын жүзеге асырады.
Губернатор ұшақта экологиялық қауіп төндіретін қауіпті жүк болмағанын мәлімдеді.