Ұшақ Бейжің орталығындағы 109 қабатты зәулім ғимаратқа соғылды
Оқиға орнынан адамдар эвакуацияланып, билік әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ
Шағын ұшақ Бейжіңдегі ең биік ғимарат – 109 қабатты CITIC Tower зәулім ғимаратына, сондай-ақ China Zun атауымен белгілі мұнараға соғылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy CNN-ге сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда ғимарат қасбетінен сынықтардың құлап жатқанын көруге болады. Оқиға орнында болған куәгерлер жерден ұшақтың құйрық бөлігін және әйнегі сынған зақымданған таксиді байқаған.
Оқиғадан кейін зәулім ғимараттағы адамдар шұғыл эвакуацияланды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері және жедел жәрдем бригадалары жетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, ғимаратқа Қытайда шығарылған Sunward SA 60L Aurora маркалы жеңіл спорттық ұшақ соғылған болуы мүмкін. Әуе кемесі жергілікті Starair Aircraft Co. авиациялық компаниясына тиесілі. Интернетте жарияланған Flightradar24 деректеріне сәйкес, соқтығыс алдында ұшақ белгіленген бағытынан айтарлықтай ауытқыған.
Reuters агенттігінің мәліметінше, полиция зәулім ғимаратқа апаратын жолдарды жауып, оқиға орнына кіруді шектеген. Сондай-ақ тұрғындарға бұл жерді фотоға және видеоға түсіруге тыйым салынған.
Қытай билігі әзірге болған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Бұл жағдай қоғамның ерекше назарын аударды. Себебі Бейжің әлемдегі ең қатаң күзетілетін қалалардың бірі саналады. Оның үстіне мамыр айынан бері ел астанасында дрондарды пайдалануға да қатаң шектеулер енгізілген.