Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 235 адамға жетті
Мыңдаған адам баспанасыз қалды
Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 235 адамға жетті, жарақат алған 4300 адамнан асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС мәліметіне сүйенсек, ел астанасындағы магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісінен 250-ден астам ғимарат қираған. Каракасқа жақын маңдағы Ла-Гуайра қаласында 10 қабатты қонақүй үйіндіге айналды, Тукакас қаласында да көпқабатты ғимарат құлаған. Мыңдаған адам баспанасыз қалды. Ел астанасы маңындағы Майкетия бас халықаралық әуежайы қатты зақымданып, жабылды.
Құтқару жұмысына электр қуатынының сөнуі мен интернет байланысының үзілуі кедергі келтіріп отыр. АҚШ, Доминикан Республикасы, Сальвадор, Мексика және Катар мемлекеттері құтқару жұмысына көмектесуге дайын екендерін білдірді. АҚШ билігі жедел жәрдем операциялары мен іздестіру-құтқару топтарын қолдау үшін 150 миллион доллар бөліп, әскери-көлік кемелері мен ұшақтарын жіберетінін хабарлады. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио медициналық ресурстар мен гуманитарлық көмектің дереу жөнелтетінін айтты. USGS сарапшылары құрбандар санының артуы мүмкін екенін ескертті. Елде төтенше жағдай режимі жарияланған.
Еске салсақ, жер сілкінісі өткен сәрсенбіде жергілікті уақытпен сағат 18:04-те болған. Елде ұлттық мереке болғандықтан, тұрғындардың көбі үйде болған. Екі сілкініс те жер бетіне жақын, 20,3 км және 10 км, тереңдікте тіркелді. Негізгі дүмпуден кейін 30-дан астам афтершок тіркелген. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, бұл 1900 жылдан бергі елдегі ең күшті жер сілкінісі болып отыр.
Осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына және жарақат алуына байланысты Делси Родригеске көңіл айтқаны хабарланған.