Тоқаев Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айтты

Жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты

Тоқаев Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына және жарақат алуына байланысты Делси Родригеске көңіл айтты.

«Осындай ауыр кезеңде қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, сізге, жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ достас Венесуэла халқына көңіл айтамын. Табиғи апаттан қайтыс болған жандардың туыстарының сабырға келіп, болаттай берік болуын, ал жарақат алған азаматтардың тез арада сауығып, отбасыларына аман-есен оралуын тілеймін», – делінген жеделхатта.

Айта кетейік, осыған дейін сәрсенбі күні кешке Венесуэла астанасы Каракастың батысында магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі болғаны хабарланған. Соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 200 адамға жуықтап қалды.