Ресейде жемқорлық үшін өлім жазасын қайтару ұсынылды
Бастама жемқорлыққа қарсы жауапкершілікті күшейту мақсатында ұсынылғанымен, әзірге ресми шешім қабылданған жоқ
Ресейде «Әділетті Ресей» фракциясының депутаттары азаматтардың қауіпсіздігі мен елдің қорғаныс қабілетіне зиян келтіретін сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін өлім жазасын енгізуді көздейтін заң жобасын Мемлекеттік думаға ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы RTVI партия жетекшісі Сергей Мироновқа сілтеме жасап мәлімдеді.
Мироновтың айтуынша, қолданыстағы заңнама «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық пен мемлекетке опасыздықты бір-бірінен ажыратады. Алайда жеке басының пайдасын көздеп, елдің қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіретін лауазымды тұлғалардың жемқорлық әрекеттері үшін жеке жауапкершілік қарастырылмаған.
«Біздің ойымызша, мұндай қылмыстарды тыңшылықпен және мемлекетке опасыздықпен теңестіру қажет. Өйткені олардың мәні де ұлттық мүддеге жасалған сатқындық болып саналады», – деді депутат.
Заң жобасына сәйкес, Ресейдің Қылмыстық кодексіне «Елдің қорғаныс қабілеті мен азаматтардың қауіпсіздігіне зиян келтірген сыбайлас жемқорлық әрекеті» деген жаңа бап енгізу ұсынылып отыр.
Мұндай қылмыстар үшін ең жоғарғы жаза ретінде өлім жазасын қолдану көзделген. Мироновтың пікірінше, қорғаныс нысандарын, әскери объектілерді салу кезінде, қару-жарақ пен оқ-дәрі өндіруде, сондай-ақ армияны жабдықтау барысында жасалған жымқыруларды қарапайым жемқорлық емес, мемлекетке опасыздық ретінде қарастыру қажет.
Заң жобасын әзірлегендер мұндай шара халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді деп есептейді. Түсіндірме жазбада ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық үшін ең жоғары жаза Қытайда, Вьетнамда және Таиландта қолданылатыны айтылған. Сондай-ақ құжатта Қытай тәжірибесі мұндай үкімдерді жария түрде орындаудың алдын алу шарасы ретінде тиімді екенін көрсеткені жазылған.
Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин де өлім жазасын қайтаруды бірнеше рет қолдаған. Оның айтуынша, бұл бастама әзірге заң шығарушылар тарапынан қолдау тапқан жоқ. Ведомство басшысы бұл туралы Петербург халықаралық жастар заң форумында мәлімдегенін «Коммерсант» басылымы хабарлады.
Мысал ретінде Бастрыкин Қытайдың сот жүйесін келтіріп, бұл елде сыбайлас жемқорлыққа кінәлілер ату жазасына кесілетінін айтты.
Ресейде 1997 жылдың сәуір айынан бері өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілген. Ең жоғары жаза Қылмыстық кодексте ресми түрде сақталғанымен, іс жүзінде қолданылмайды.