АҚШ-тағы Ақ үй маңында белгісіз біреу оқ жаудырды
Атыс кезінде Дональд Трамп ғимарат ішінде болған
АҚШ астанасы Вашингтондағы Ақ үй кешенінің маңында қарулы атыс болды. Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан журналистер түсірген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарап кетті. Түсірілім кезінде кенеттен бірнеше рет оқ дауысы естілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаруланған ер адам кешкі сағат 18:00 шамасында Ақ үйдің қақпасына жақындап келіп, резиденция бағытына қарай бірнеше рет оқ жаудырған. АҚШ Құпия қызметінің агенттері шабуыл жасаған күдіктіге дереу жауап ретінде оқ жаудырды. Алған жарақаттарының салдарынан күдікті оқиға орнында көз жұмды. Оқиға салдарынан Вашингтонның бір тұрғыны жараланғаны белгілі болды.
Атыс кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп ғимарат ішінде болған. Оқиғадан кейін Құпия қызмет өкілдері журналистерді Солтүстік көгалдан шұғыл эвакуациялап, резиденция айналасындағы қауіпсіздік шараларын барынша күшейтті. Кешен ішіндегі адамдарға сыртқа шықпау туралы бұйрық берілген.
Еске сала кетейік, тура бір ай бұрын Трамп болған Washington Hilton қонақүйіндегі Ақ үй тілшілері қауымдастығының кешкі асы кезінде де атыс болған еді.