Вашингтондағы атыс: Дональд Трамп шұғыл эвакуацияланды

Оқиға дәстүрлі кеш кезінде болған

Вашингтондағы атыс: Дональд Трамп шұғыл эвакуацияланды
Фото: @realdonaldtrump

Ақ үй тілшілер қауымдастығының жыл сайынғы салтанатты кешінде атыс болып, АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның жұбайы залдан шұғыл шығарылды. Оқиға Вашингтондағы Washington Hilton қонақүйінде өткен дәстүрлі кеш кезінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

NBC News мәліметіне сәйкес, ғимарат ішінде оқ дауысы естілгеннен кейін құпия қызмет өкілдері президент пен оның әкімшілік мүшелерін, сондай-ақ Конгресс өкілдерін қауіпсіз жерге көшірді. Атыс негізгі тексеру жеріндегі магнитометрлердің жанында болған. 

Күдікті оқиға орнында бірден ұсталды. Президент және басқа да қонақтар аман-есен, ешкім зардап шекпеген. Ал құпия қызмет өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

АҚШ басшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында құқық қорғау органдарына алғыс айтып, жағдайға байланысты пікір білдірді.

«Вашингтонда өте қарбалас кеш болды. Құпия қызмет пен құқық қорғау органдары тамаша жұмыс істеді. Олар өте жылдам әрі батыл әрекет етті. Мен «шоуды жалғастыруды» ұсындым, бірақ заң өкілдерінің шешіміне бағынамын», — деп жазды Трамп.

Сондай-ақ президент ұсталған адамның суретін жариялап, шырқы бұзылған кештің орнына жаңа уақыт белгіленіп, алдағы 30 күн ішінде қайта өткізілетінін хабарлады.