«Саксофон ойнаймын деп оққа ұшты»: Ресейде театр әртісі көшеде өнер көрсетіп тұрған балаға оқ атқан

Оның далада музыка ойнап тұрғаны 38 жастағы ер адамға ұнамай қалған

«Саксофон ойнаймын деп оққа ұшты»: Ресейде театр әртісі көшеде өнер көрсетіп тұрған балаға оқ атқан
Фото: istockphoto.com

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында көшеде саксофон тартып тұрған 11 жастағы балаға оқ атқан күдікті ұсталды. Оқиға 23 мамыр күні Минск көшесіндегі №1 үйдің маңында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресей Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волк өзінің Telegram-арнасында мәлімдегендей, полицияға бұл оқиға туралы өтіп бара жатқан тұрғын хабарлаған. 

«Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары 11 жастағы баланың көшеде саксофон ойнап тұрғанын анықтады.  Тергеу нұсқасына сай, көрші үйде тұратын 38 жастағы ер адам баланың музыкасына наразы болып, пәтерінің терезесінен пневматикалық қарумен оқ атқан. Оқ тиген бала ауруханаға түсті. Қазір бала дәрігерлердің бақылауында. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды», - деген хабарламада.

«Фонтанка» басылымы күдіктінің Мариин театрының әртісі екенін жазды. Басылымның мәліметінше, ол театр ансамблінде қызмет етеді. Сондай-ақ оның Қазақстанда туғаны, кейін 2008 жылы Татарстанда Ресей азаматтығын алғаны айтылған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл адам Қазақстанда туғанымен, қазір Қазақстан азаматы емес екенін ресми мәлімдеген.