Иранға жасалған әскери шабуыл салдарынан жүздеген қазақстандық елге орала алмай жатыр
Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс салдарынан барлық әуе қатынастары тоқтатылған
Таяу Шығысты жайлаған әскери қақтығыстардың салдарынан жүздеген жерлесіміз діттеген жерлеріне жете алмай, әуежай іргесінде қалып қойған. Azattyq Rýhy тілшісі күрделі жағдайға душар болған отандастарымызбен хабарласып, мән-жай сұрасты.
«Менің билетім Бангкоктан Рас-эль-Хаймаға дейін еді. Үндістан арқылы ұштым. Бангкоктан Хайдарабадқа қонғанда барлық әуе қатынастары тоқтатылғанын естідік. Осы жақтан жан-жаққа ұшу керек барлық жолаушыларды қайта Бангкокоқа қайтаратындарын хабарлады. Алматыға тікелей рейс жоқ екен. Әуе компаниясы азын-шоғын су мен тіске басар дәм берді. Елшіліктен әзірге ешкім хабарласпады», - дейді Сара Журкабаева есімді жерлесіміз.
Айтуынша өзімен бірге ұшып келген 24 адамға Air Asia әуежай компаниясы Бангкокқа кері билет алып берген. Бірақ апатты жағдайда бөтен елде қалып қойған Сара Жақсылыққызы мұндай жағдайда не істеу керектігін білмей, үлкен күйзеліске түскенін айтты.
«Осындай күрделі жағдайда әлем дүрлігіп тұрғанда сыртқа шықпай, үйлеріңізде қалыңыздар деп кеңес берер едім. Аман болыңыздар!», - деп кеңесімен бөлісті жерлесіміз.
Кешегі күні Дубайдан келіп, Доха арқылы елге қайтпақшы болған тағы бір жерлесіміз Катар еліндегі хал-ахуалмен бөлісті. Таңнан бері бөтен елдің әуежайында қалып қойған 100-ден аса қазақстандық Катардағы елшілікке хат жазған. Арасында белсенділік танытқан блогер, дефектолог-логопед Шолпан Аянғалиқызы мән-жайды видеоға түсіріп, Instagram желісіне салған.
«Сирена Катар уақытымен сағат 11-де соғылды. Аспан көк түтін. Жарқ-жұрқ етіп жатыр. Бірақ зымырандар жерге түскен жоқ. Катардың әуесі жақсы қорғалады екен. Әзірге елшілік 100-ге жуық адамды қонақүйге орналастырып, тамақтандырды», - дейді Шолпан ханым.
Айтуынша, өзге елдерге қарағанда Қазақстан елшілігі шұғыл әрекет етіп, жерлестерімізге барынша жағдай жасауға тырысып жатыр. Оған желіге жүктелген видео да әсер еткен болуы керек дейді отандасымыз.
Қазірде Доханың аспан жолдары толықтай жабық. Қазақстандықтардың ол жақта қай уақытқа дейін қалатындары белгісіз. Елшілік хабар күтіңіздер деген.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін Иран аумағында ауқымды әскери операцияның басталғанын ресми түрде мәлімдеген болатын.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, әскери соққылардың салдарынан Иранның Жоғарғы көшбасшысы, бас қолбасшы Әли Хаменей көз жұмуы мүмкін. Бірақ ресми Тегеран бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Кенеттен басталған әскери шабуыл салдарынан Таяу Шығыстан тыныштық кетіп, қаншама турист еліне жете алмай дүрлігуде.