Трамп Конгресстің рұқсатынсыз соғыс бастады деп айыпталды
Иранға соққы жасау туралы шешім америкалықтардың еркіне қайшы
АҚШ Конгресі Сенатының Қарулы күштер жөніндегі комитетінің аға демократы Джек Рид ел президенті Дональд Трампты еш жоспары болмай тұрып Иранмен ауқымды соғыс бастап кетті деп айыптады. Бұл туралы ТАСС агенттігі америкалық саясаткердің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ридтің айтуынша, Иранға соққы жасау туралы шешім америкалық халықтың еркіне қарсы және ешқандай негізсіз қабылданған. Сонымен қатар сенатор Трамп әскери әрекеттерді бастау туралы бұйрықты АҚШ Конгресінің тиісті рұқсатынсыз бергенін мәлімдеп, елді «ұзақ әрі қауіпті жағдайға» дайындалуға шақырды.
«Президент Трамп дипломатияға мүмкіндік бола тұра соғыс жолын таңдады. Бұл шешім оның президенттік мерзімінен де ұзаққа созылатын салдарға әкеледі», — деп жазады ресейлік ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Нью-Джерси штатынан сайланған америкалық сенатор Энди Ким Трамптың Иранға соққы беру туралы шешімін бұрынғы президент кіші Джордж Буш жіберген қателікті қайталау деп бағалаған болатын. Саясаткердің айтуынша, президент ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп бар екеніне дәлел келтірместен, америкалықтардың өмірін қатерге тікті.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін Иран аумағында ауқымды әскери операцияның басталғанын ресми түрде мәлімдеген болатын.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, әскери соққылардың салдарынан Иранның Жоғарғы көшбасшысы, бас қолбасшы Әли Хаменей көз жұмуы мүмкін. Бірақ ресми Тегеран бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.