Ирандаға шабуыл: Әли Хаменейдің «көзі жойылды»
Ресми Тегеран бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ
Иранның Жоғарғы көшбасшысы, бас қолбасшы Әли Хаменей АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған әскери соққыларынан кейін қаза тапты деген ақпарат тарады. Бұл туралы израильдік Mako агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Басылым мәліметінше, израильдік шенеуніктердің бірі:
«Хаменейдің тікелей эфирде мәлімдеме жасауы мүмкін емес. Оның көзі жойылды. Бұл мәліметтің түпкілікті расталуын күтіп отырмыз», — деген.
Cонымен қатар, америкалық The New York Times газеті Хаменейдің қатаң күзетілетін резиденциясы қатты зақымданғанын көрсететін спутниктік суреттерді жариялаған. Алайда Иранның жоғарғы көшбасшысының қаза тапқаны жөнінде ресми растау әлі жарияланған жоқ.

Фото; The New York Times
Бұған дейін АҚШ пен Израиль Иран аумағына қарсы ірі әскери операция бастағанын мәлімдеген болатын. Израиль билігі бұл әрекетті «превентивті соққы» деп атап, нысанаға Иранның негізгі әскери инфрақұрылымы, зымыран кешендері және стратегиялық нысандар алынғанын хабарлады.
Соққылар АҚШ әскери-әуе күштері мен әскери-теңіз күштерінің қатысуымен жасалған. Әскери сарапшылардың пікірінше, операция Иранның аймақтағы әскери ықпалын әлсіретуге бағытталған.
Иран билігі шабуылдарға жауап қайтарылатынын мәлімдеп, аймақтағы америкалық және израильдік нысандарға қарсы әрекеттер жасалуы мүмкін екенін ескертті. Мемлекеттік БАҚ Хаменейдің халыққа үндеу жасайтынын алдын ала хабарлағанымен, жоспарланған үндеу эфирге шыққан жоқ.
Ресми Тегеран қазіргі таңда Хаменейдің қаза тапқаны туралы ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Бұл жағдай түрлі болжамдар мен ақпараттық соғыс элементтерінің күшеюіне алып келді.
Аймақтағы жағдай күрт шиеленісіп отыр. Сарапшылар Таяу Шығыста кең ауқымды қақтығыс қаупі артқанын айтады. Халықаралық қауымдастық тарапынан тараптарды сабырға шақырған мәлімдемелер жасалуда. Бірқатар елдер дипломатиялық арналар арқылы жағдайды тұрақтандыруға күш салуға дайын екенін білдірді.