$ 497.56  586.92  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапты — Reuters

Әли Хаменеи оның резиденциясына жасалған израильдік әуе соққысы салдарынан қаза тапқан

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапты — Reuters
Фото: masa.media

Израильдің 12-арнасы мен Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи оның резиденциясына жасалған израильдік әуе соққысы салдарынан қаза тапқан. Бұл ақпаратты екі БАҚ та аты-жөнін жарияламаған израильдік жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Axios басылымының тілшісі Барак Равидтің жазуынша, Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер Хаменеи өлімі туралы мәліметті америкалық ресми тұлғаларға жеткізген.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранға қарсы әскери операция басталғаннан кейінгі алғашқы телеүндеуінде Хаменеи израильдік соққылар нәтижесінде көз жұмған болуы мүмкін екенін меңзеген еді.

«Бүгін таңертең біз 30 жылдан астам уақыт бойы әлемге террор таратып, өз халқын қайғы-қасіретке ұшыратқан және Израильді жоюды көздеген тиран Хаменеи жасырынған орынды жойдық. Бұл тиранның енді жоқ екенін білдіретін көптеген белгілер бар», — деді Нетаньяху.

Ал былтыр The New York Times басылымы Хаменеи ықтимал қақтығыс кезінде қаза таба қалған жағдайда билікті тапсыру тетігін алдын ала белгілеп кеткенін жазған. Мәліметке сәйкес, ол өзі тағайындайтын әрбір әскери және мемлекеттік лауазым үшін төрт деңгейлі мұрагерлік жүйесін бекіткен. Сондай-ақ өзге жоғары шенді басшыларға да бірнеше ықтимал мұрагер дайындауды тапсырған.

Сарапшылардың пікірінше, мұрагерлік жоспарының басты тұлғаларының бірі — Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани. Ол — Ислам революциясы сақшылары корпусының (КСИР) бұрынғы басшысы. Кей деректерге қарағанда, Лариджани қазірдің өзінде елдегі негізгі саяси ықпалға ие болып, президент Масуд Пезешкианның рөлін екінші қатарға ысырып отыр. NYT мәліметінше, ол қаңтар айындағы жаппай наразылықтарды күшпен басып-жаншуға жауапты болған.

Әзірге Иран тарапы бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін Иран аумағында ауқымды әскери операцияның басталғанын ресми түрде мәлімдеген болатын.

Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, әскери соққылардың салдарынан Иранның Жоғарғы көшбасшысы, бас қолбасшы Әли Хаменей көз жұмуы мүмкін. Бірақ ресми Тегеран бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

Кенеттен басталған әскери шабуыл салдарынан Таяу Шығыстан тыныштық кетіп, қаншама турист еліне жете алмай дүрлігуде.