Абай облысында құм қазып жүргендер дронға түсіп қалып, сотталып кетті (ВИДЕО)
Олар 68 мың тонна құмды жалған құжаттар арқылы сатып жіберген

Абай облысының прокуратурасы ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау үшін дрон пайдаланып, нәтижесін көре бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дрон арқылы Абай облысының табиғи ресурстары есебінен заңсыз пайда тапқан адамдар тобы анықталды.
«Аталған тұлғалар 68 мың тоннадан астам құм қазып, оны жалған сертификат арқылы сатып жіберген. Заңсыз өндіру дерегін тіркеу мақсатында дрон ұшырып, заңсыз қазба жұмыстарының нақты координаттарын анықтадық», - деп хабарлайды прокуратура.
Ал тағы бір бақылау жүйесі, яғни, «Сергек» камераларының арқасында құм қазылған жерден бастап, қай жерге тиелгеніне дейінгі маршурт анықталған екен.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз кәсіпкерлік әрекетке тосқауыл қойылып, кінәлі екі адам бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке келген 272 млн теңгеден астам залал өндірілді. Талапты қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 144 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды», - деп хабарлайды прокуратура.