$ 539.38  629.46  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жігіттің анасы мен әжесі қайтыс болған: Семей соты 117 млн теңгенің кепілінде тұрған пәтерді мұра деп тапты

Сот банктің талабын қанағаттандырған

Жігіттің анасы мен әжесі қайтыс болған: Семей соты 117 млн теңгенің кепілінде тұрған пәтерді мұра деп тапты
Фото: istockphoto.com

Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты К. есімді азаматтың анасынан қалған мұраны іс жүзінде қабылдағанын анықтап, банктің талап-арызын қанағаттандырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, 2009 жылы әйел анасының пәтерін кепілге қойып, банктен 117 млн теңге несие алған. Арада жылдар өткенде әйел де, оның анасы да қайтыс болады. Кепілде тұрған пәтер заң бойынша ешкімнің мұрагерлігіне өтпеген. 

Бірақ, несие берген банк бұл үйде несие алған әйелдің ұлы тұрып жатқанын білген. Азамат 2020 жылдан бері сол пәтерде тұрып, коммуналдық шығындарын өтеп, мүлікті пайдаланған. Сондықтан банк несие алған әйелдің ұлы кепілде тұрған әжесінің пәтерін іс жүзінде мұра ретінде пайдаланып жүргенін айтып, сотқа арызданған. 

Бұл азамат болса, банктің талабымен келіспейтінін айтып, талап қою мерзімінің өтіп кеткенін, пәтердің бастапқыда анасына емес, әжесіне тиесілі болғанын алға тартқан. Сонымен қатар, банк басқа қаржы ұйымынан құқықтық мирасқорлықты дәлелдей алмағанын атап өткен.

Сот ҚР Азаматтық кодексінің 1072-1-бабына сүйене отырып, жігіттің шын мәнінде осы пәтерде тұрып жатқанын және коммуналдық шығындарды өтеп жатқанын ескере отырып, жігіт мұраны қабылдады деп тапқан. 

Сот талап қою мерзімін қолдануға негіз жоқ екенін айтып өтті, себебі талап берешекті өндіріп алуға емес, мұраны қабылдау фактісін анықтауға қатысты.

 

Серіктес жаңалықтары