«Мүлде кешірім болмайды»: Жамбыл облысының әкімі атысқа байланысты үндеу жасады
Полиция күдіктілерді ұстаған болатын

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданында төрт адам жараланған атысқа байланысты үндеу жасап, жастарды тәртіпті болуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкім Мойынқұм ауданында жастар арасында болған атысқа байланысты тиісті органдар шұғыл әрекет етіп жатқанын атап өтті.
«Бұл істе ешқандай кешірім болмайды – күдіктілер заң аясында жауапқа тартылады. Жастар – ел болашағы. Сондықтан тәртіп пен заңды сақтау, адамгершілік пен жауапкершілікті сезіну – әрбір жастың борышы. Қоғамдағы тыныштық пен бейбіт өмір – өзара құрмет пен мейірімнен басталады. Барша жастарды тәртіпті болуға, бір-біріне сыйластықпен, түсіністікпен қарауға, арандатушылықтан аулақ болуға шақырамын», - деп жазды Қарашөкеев Instagram парақшасында.
Естеріңізге салайық, 29 шілдеде Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында атыс болғаны хабарланды. Сағат 21:30 шамасында оқтан жарақат алған төрт ер адам аудандық ауруханаға жатқызылған. Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер травматикалық қарудан жараланған. Полиция осы атысқа қатысы бар деген күдікпен төрт ер адамды ұстады.