Жамбыл облысындағы атыс: төрт күдікті ұсталды
Ұсталғандардың барлығы жергілікті тұрғындар

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары Мойынқұм ауданындағы атысқа қатысы бар деген күдікпен төрт ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұсталғандардың барлығы аталған ауданның тұрғындары. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Жамбыл облысы полициясы басшылығының бақылауында», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге де мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін 29 шілдеде Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауылында атыс болған болғаны хабарланған болатын. Сағат 21:30 шамасында оқтан жарақат алған төрт ер адам аудандық ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер травматикалық қарудан жараланған.