БҚО-да анасы мен әкесі төрт балаға таласты: сот шешімі шықты
Балалардың анасы оларды қараусыз қалдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрт баланың кіммен тұратынын шешті. Сот балаларды анасынан алып, әкесінің тәрбиесіне беру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Mgorod.kz басылымына сілтеме жасап.
Деректерге сәйкес, ата-анасы ажырасқаннан кейін үш бала біраз уақыт әкесімен, ал біреуі анасымен тұрған. 2025 жылы бұрынғы ерлі-зайыптылар медиациялық келісімге келіп, төрт баланың да анасымен тұруын ұйғарған.
Алайда бұл келісім ұзаққа созылмады. Әйел басқа ер адаммен бірге тұру үшін қалаға көшіп, балалардың тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмеген. Сот отырысында ананың балаларды қараусыз қалдырғаны анықталды. Осы әрекеті үшін ол Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке де тартылған.
Кейін әйел балаларды жаңа серігінің үйіне қайта алып кетпек болған. Бірақ балалар бұған қарсы шыққан. Психологтың қатысуымен өткен әңгімеде олар тек әкесімен бірге тұрғысы келетінін айтқан. Балалардың сөзінше, өгей әкесімен қарым-қатынастары қалыптаспаған, әрі ол оларды жиі қорқытып отырған. Учаскелік полиция инспекторлары да балаларға тиісті күтім жасалмағанын растаған.
Балалардың мүддесін ескерген сот олардың тұрғылықты жерін әкесімен бірге деп белгіледі. Осылайша, төрт баланың барлығы әкесінің тәрбиесінде қалатын болды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.