Қоқыс үйіндісіне айналған: Петропавлдағы иесіз қалған гараж полицияның назарына ілікті

Гараж иесіне қоқысты үш күн ішінде тазалау туралы ескерту берілді

Қоқыс үйіндісіне айналған: Петропавлдағы иесіз қалған гараж полицияның назарына ілікті
Фото: Polisia.kz

Петропавлдағы Бостандық көшесінде қоқыс үйіндісіне айналған гаражды қоғам белсендісі үш жыл бұрын анықтаған. Гараж маңына қоқыс үнемі жиналып келген. Қала әкімдігі гараж иесін анықтау үшін полицияға жүгінген. Тексеру барысында нысан иесінің ұзақ уақыт бойы шетелде тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Полиция жағдайды бақылауда ұстап, мүмкіндік туған кезде гараж иесімен кездескен. Әйелге гаражды үш күн ішінде тазалау қажеттігі туралы ескерту берілді. Егер талап орындалмаса, Жер ресурстарын басқару департаменті тиісті шаралар қабылдайды.

Полиция қызметкерлері гараж иелеріне олардың заңды түрде орнатылғанын тексеруді еске салды. Сондай-ақ заңсыз орнатылған гараждарды алып тастау жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізіліп жатқаны айтылды.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полиция абаттандыру ережелерін бұзудың 12 500-ден астам дерегін анықтаған.