Жолаушыға әдепсіз ұсыныс жасаған: Астанада такси жүргізушісі жазаланды

Сот такси жүргізушісін ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке қамауға алды

Жолаушыға әдепсіз ұсыныс жасаған: Астанада такси жүргізушісі жазаланды
Фото: istockphoto.com

Астанада жолаушы әйелге қатысты әдепсіз әрекет жасаған такси жүргізушісіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда сотына сілтеме жасап.

Істің мән-жайын Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты түсіндірді.

«11 қазанда таңғы сағат 07:00 шамасында такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін К. есімді азамат жолаушы Б.-ға тиісіп, оған интимдік қызмет ұсынған. Осылайша, ол айналасындағыларды құрметтемей, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған», – деп мәлімдеді сот.

Сот жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни ұсақ бұзақылық жасау фактісімен қозғалған істі қарады.

Оның кінәсі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, кінәсін мойындаған жауабымен, полиция инспекторының рапортымен және жәбірленушінің түсініктемесімен расталғаны атап өтілді.

Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде жүргізушінің кінәсін мойындауы және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы ескерілген. Ал жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Жаза тағайындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ жолаушыға интимдік сипаттағы ұсыныстардың қайта-қайта жасалғанын ескерді. Сот қаулысымен К. есімді азаматқа 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды», – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.