Қазақстанда қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді: қауіпті 360-тан астам локация анықталды

Құқық қорғау органдары қылмыстың салдарымен күресуден оның алдын алуға көшуде. Қауіпті аймақтарда патрульдеу күшейтіліп, мыңдаған жарықтандыру нүктесі мен бейнебақылау камерасы орнатылды

Қазақстанда қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді: қауіпті 360-тан астам локация анықталды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі құқықтық реформа аясында құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері өзгеріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, басты міндет – жасалған қылмысқа ден қоюмен шектелмей, қауіп-қатерді алдын ала анықтау және құқық бұзушылықтардың себептерін жою, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы мақсатта Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды. Орталық тәулік бойы криминогендік ахуалды талдап, ықтимал қауіптер мен осал аймақтарды анықтайды, тәуекелдерді болжайды және олардың алдын алу бойынша нақты шаралар әзірлейді.

Жұмыстың жеке бағыты – қылмыстық қатерлердің жаңа түрлері мен тәсілдерін анықтау үшін шетелдік контентке мониторинг жүргізу.

Орталықтың талдауы жергілікті жерлерде нақты шешімдер қабылдауға негіз болады. Мәселен, Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды қолдану арқылы азаматтарға қылмыстық қол сұғу ықтималдығы жоғары 360-тан астам қауіпті локация анықталды.

Бұл жерлерде полицияның патрульдеуі күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.

Елдегі қылмыс 11%-ға азайды

Қылмыстың алдын алуға бағытталған шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді.

Атап айтқанда, адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық, ұрлық және көшелерде жасалатын қылмыстар саны азайған.

Есірткі қылмысына қарсы да жүйелі жұмыс жалғасуда. «Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды, оның ішінде 6 мыңнан астам есірткі дүкенін бұғаттады.

Прокуратура мен полиция органдарының өзара тиімді іс-қимылы нәтижесінде 464 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталып, 2,6 млрд теңгеден астам есірткіден түскен кіріске тыйым салынды.

Интернет-алаяқтық 9%-ға төмендеді

Соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін өзгертуге қол жеткізілді. Олардың саны 9%-ға төмендеген.

Құқық қорғау органдары мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен жұмысы нәтижесінде миллионнан астам күдікті қоңырау тоқтатылып, шетелде орналасқан 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленді.

Мысалы, елордада прокуратураның бастамасымен «Қазақтелеком» базасында құрылған Антиколл-орталық алаяқтардың қоңырауын 76 жастағы әйел оларға 21 млн теңге беруге дайындалып жатқан сәтте тоқтатқан. Нәтижесінде қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Сонымен қатар Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арқылы 2,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық транзакциялар бұғатталды.

Осы көрсеткіштердің артында азаматтардың өмірін, денсаулығы мен мүлкін қорғауға бағытталған нақты нәтижелер тұр.

Негізгі мақсат – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтау, себептерін жою және ықтимал салдардың алдын алу.

Бұл конституциялық «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары алдына осындай міндет қойып отыр.