«Оны көлігімен бірге өртеймін»: Такси жүргізушісін қорқытқан Астана тұрғыны қамауға алынды

Жолаушы такси жүргізушісін қорқытып, көліктен түсуден бас тартқан

«Оны көлігімен бірге өртеймін»: Такси жүргізушісін қорқытқан Астана тұрғыны қамауға алынды
Фото: © istockphoto.com

Астанада көліктен түсуден бас тартып, такси жүргізушісін қорқытқан жолаушы сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана соттарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Такси жүргізушісінің айтуынша, ер адам одан өзін сүюді талап етіп, бірге жүруге шақырған және кетуіне мүмкіндік бермеген. Кейін жолаушы бейнетіркегішті алып кетуге әрекет жасаған. Қыздың сөзінше, ер адам оған күш қолданатынын айтып, көлігін өртеп жіберемін деп қорқытқан.

Бұған дейін полиция жолаушыға қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалғанын хабарлаған болатын. 

«ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу не 5-тен 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен азамат А.-ға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», - делінген Астана соттарының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Астана соттарының баспасөз қызметі ер адамға қандай жаза тағайындалғанын мәлімдеді. Сотта такси жүргізушісінің айтқандары расталған. Атап айтқанда, жолаушы сапар аяқталғаннан кейін жүргізуші С.-ға балағат сөздер айтып, көліктен түсуден бас тартқан және оны қорқытқан.

Сотта А. кінәсін толық мойындады. Ол кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.