Атырау облысындағы төрт адамның өлімі: сот Сәрсемәлиевтің бес баласына қатысты жеке қаулы шығарды

Балалардың бұдан кейінгі қамқорлығы мен орналастырылуы Атырау облысының білім басқармасына жүктелді

Атырау облысындағы төрт адамның өлімі: сот Сәрсемәлиевтің бес баласына қатысты жеке қаулы шығарды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласының тағдырына қатысты сот жеке қаулы шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақ Жайық сайтына сілтеме жасай отырып. 

Үкімді жариялаған судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, балалардың бұдан кейінгі қамқорлығы мен орналастырылуы Атырау облысының білім басқармасына жүктелді.

Бұдан бөлек, сот Қызылқоға ауданының әкімдігіне Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасының артында қалған тұрғын үйге мұрагерлік құқықты рәсімдеуді тапсырды. Бұл шешім балалардың мүліктік құқықтарын қорғау мақсатында қабылданған.

Бес бала мемлекет қамқорлығында

Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласы бар. Олардың кенжесі 2025 жылы дүниеге келген. Әкесі ұсталғаннан кейін балалар біраз уақыт әжесінің қарауында болған. Алайда 2026 жылғы 3 ақпанда аудандық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия оларды мемлекет қамқорлығына беру туралы шешім қабылдаған. Қазір үш пен тоғыз жас аралығындағы төрт бала Атыраудағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатыр. Ал ең кенже сәби мамандандырылған сәбилер үйіне орналастырылған.

Бұл іс қалай басталған еді?

2025 жылдың соңында Атырау облысының Жангелдин ауылында тұратын бір отбасы жұмбақ жағдайда із-түзсіз жоғалып кеткен. Полицияға Мақсот Қарабалиннің, жұбайы Нәсіп  Өтешқалиеваның және олардың екі ересек баласы – Мейрамгүл мен Наурыздың жоғалғаны туралы арыз 25 желтоқсанда түскен. Кейін бұл іс «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп, 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіті шаруашылық қорасынан табылды. Тергеу барысында олардың екі ересек баласының да қаза тапқаны анықталды.

Осы іс бойынша марқұмдардың бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталып, сот оны төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Енді соттың жеке қаулысына сәйкес, бес баланың алдағы тағдыры, олардың тәрбиесі мен заңды құқықтарын қорғау мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында болады.