«Мәдениетсіздік»: Астанада жалаңаяқ футбол көрген жігіт полиция бөлімшесіне тап болды (ВИДЕО)
Сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды
Астанада футбол матчы кезінде аяғын орындықтың арқасына қойып алып, жайбарақат отырған 28 жастағы тұрғын қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, құқық бұзушылық әрекетті олар әлеуметтік желілерге жарияланған видеоны бақылау барысында анықтаған. Яғни матч кезінде ер адам аяқ киімін шешіп, аяғын алдыңғы қатардағы орындықтың арқасына қойып отырған. Оның бұл әрекеті қасында отырған көрерменнің наразылығын туғызған.
«Қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны үшін ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды», – деп хабарлады полиция.
Тәртіп сақшылары азаматтарды спорттық жарыстар мен басқа да көпшілік іс-шараларда қоғамдық тәртіпті сақтап, айналасындағылардың құқығы мен жайлылығына құрметпен қарауға шақырды.