Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы қатарластарын қорқытып, ақша бопсалаған

Оқушының анасына 43 мың теңге айыппұл салынды

Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы қатарластарын қорқытып, ақша бопсалаған
Фото: © istockphoto.com

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында сот кәмелетке толмаған мектеп оқушысының анасына әкімшілік жаза тағайындады. Тергеу дерегінше, оның 9-сыныпта оқитын ұлы төменгі сынып оқушыларын буллингке ұшыратып, олардан ақша талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2026 жылдың мамыр айында Мойынқұм ауданындағы мектептердің бірінің 9-сынып оқушысы бірнеше 8-сынып оқушысына буллинг жасап, олардан ақша сұраған. Заң талаптарына сәйкес, мектеп оқушысының анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – делінген аудандық соттың хабарламасында.

Оқушының анасының кінәсі әкімшілік хаттамамен, полицияға түскен хабарламамен, тараптардың түсініктемелерімен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен расталған.

Сот отырысында әйел іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды мойындап, мұндай жағдайдың енді қайталануына жол бермейтінін айтты.

Прокурор оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды сұрады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ата-аналарға ескерту жасау немесе айыппұл салу көзделген.

Сот жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтаған жоқ. Әйел кінәлі деп танылып, оған 43 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық құндылыққа айналатын қоғам қалыптастыруға бағытталған негізгі саяси ұстанымы.