Жамбыл облысында ішімдікке тәуелділік диагнозы бар ер адам жүргізуші куәлігінен айырылды
Сотқа талап-арызбен Полиция департаменті жүгінген
Жамбыл облысында медициналық диагнозына байланысты тағы бір қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс Жамбыл облысының Меркі аудандық сотында қаралды. Сотқа талап-арызбен Полиция департаменті жүгінген.
«Талап арызға Жамбыл облысы прокуратурасының заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету туралы ұсынысы негіз болды. Тексеру барысында жауапкердің медициналық есепте тұрғаны және оның көлік құралдарын жүргізуге кедергі келтіретін ауруға шалдыққаны анықталды», – деп хабарлады Меркі аудандық соты.
Жауапкер талап арызды толық көлемде мойындаған. Іс материалдарына сәйкес, ер адамға алкоголь қолданудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, сондай-ақ тәуелділік синдромы диагнозы қойылған.
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен бекітілген медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесіне сәйкес, аталған аурулар көлік құралдарын басқаруға мүмкіндік бермейтін дерттердің қатарына жатады. «Жол жүрісі туралы» заң талаптары мен азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, сот талап арызды қанағаттандырды», – деп мәлімдеді сот.
Сот шешімімен ер адамның көлік жүргізу құқығы оған негіз болған себептер жойылғанға дейін тоқтатылды.
Айта кетейік, бұл Қазақстандағы алғашқы осындай жағдай емес. Бұған дейін Павлодар тұрғыны да медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты жеті жыл бойы иеленіп келген жүргізуші куәлігінен айырылған еді.