«Соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген»: Атырау облысында 57 ауыл ішімдіктен бас тартты
Айта кетерлігі, соңғы бес жыл ішінде ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген
Атырау облысында алкогольден толықтай бас тартқан 57-ші елді мекен пайда болды. Ол – Томан ауылы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
15 маусымнан бастап ауыл тұрғындарымен қылмыстың алдын алу және спирттік ішімдіктің зияны туралы түсіндіру жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде ауыл тұрғындары алкогольден бас тарту бастамасын бірауыздан қолдады.
ІІМ мәліметінше, Томан аудандағы үлгілі ауылдардың бірі саналады.
«Томан ауылының соңғы бес жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген елді мекен ретінде танылуы – тұрғындардың азаматтық жауапкершілігінің жоғары деңгейін, заңға деген құрметін және тату көршілік дәстүрлерінің берік екенін көрсетеді», – деп атап өтті Ішкі істер министрлігі.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігі теміржол саласында еңбек етеді. Елді мекенде мектеп, балабақша және мәдениет үйі жұмыс істейді.
ІІМ Томан ауылының «Ішімдіксіз ауыл» жобасына қосылуын формалды шешім емес, тұрғындардың салауатты болашақты таңдауы, қоғамдық келісімді сақтау және өскелең ұрпақты дұрыс құндылықтармен тәрбиелеу жолындағы саналы қадамы деп бағалады.