Қызметтік көлікті мас күйде жүргізген әкім: БҚО-да оны жұмыстан босатуды талап етті

Оқиға 12 наурызда болған. Полицейлер тізгінінде шенеунік отырған көлікті тоқтатқан

Қызметтік көлікті мас күйде жүргізген әкім: БҚО-да оны жұмыстан босатуды талап етті
Фото: © istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Шапаев ауылдық округі әкімінің тәртіптік ісі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 12 наурызда болған. Полиция қызметкерлері тізгінінде шенеунік отырған қызметтік көлікті тоқтатқан. Іс материалдарына сәйкес, ол жұмыс уақытында көлік жүргізіп келе жатқан және мас күйде болған. Оқиға орнында әкімшілік хаттама толтырылған.

БҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаировтың айтуынша, бұл жағдай туралы ақпарат сот шешімдеріне, бұқаралық ақпарат құралдарына және әкімшілік құқық бұзушылықтар базасына жүргізілген мониторинг барысында белгілі болған.

Ведомство өкілінің сөзінше, бастапқыда бірінші сатыдағы сот шенеуніктің пайдасына шешім шығарған. Алайда апелляциялық инстанция бұл шешімнің күшін жойған.

Нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңес әкімді атқарып отырған қызметінен босатуды ұсынды. Сондай-ақ оқиға кезінде оның тәртіптік жазасы әлі күшінде болғаны атап өтілді. Бұған дейін оған қызметтік міндеттерін толық орындамауына байланысты ескерту берілген.