«Ұят болатын еді»: Бокстан әлемді аузына қаратқан спортшылар Астанаға оралды (ВИДЕО)
Қазақстан құрамасының капитаны ағынан жарылды

Елордаға Әлем чемпионатында алтын иеленген боксшылар оралды. Оларды қала жұрты сән-салтанатпен қарсы алды, деп жазады Azattyq Rýhy
Әлем чемпиондары Айбек Оралбай мен Санжар Тәшкенбай, Нұрбек Оралбай және олардың бапкерлеріне сый-құрметпен күтіп алған қалың ел оларға шапан жауып, қошемет көрсетті.
Ауыр салмақта әлем чемпионы атанған Айбек Оралбай бұл дода ол үшін үшінші чемпионат екенін атап өтті.
«Ер кезегі үшке дейін дейді. Сондықтан мен үшін үшінші рет барып тұрған соң жүлдесіз оралғаным ұят болатын еді. Сол үшін де бірінші жекпе-жектің өзін соңғы жекпе-жек сияқты барымды салдым. Бұл ең бірінші бапкер ағайларымның арқасы. Оңай болған жоқ. Жауапкершілікті де сезіндік. Команда болғандықтан, барлығымыз күш-жігерімізді қазақ елін қуанту үшін салдық», - деді Айбек Оралбай.
Сондай-ақ Айбектің әкесі Рахат Оралбай да өз пікірін білдірді.
«Қазір барлық мемлекетте бокс қарқынды дамып келе жатыр. Бұрын Азия, Еуропа командаларымен шығып, жеңуге болса, қазір олай емес. Жеңіске жету үшін күш-қуатты, техниканы салып еңбек ету керек. Жеңіске жету оңай емес», - дейді Рахат Оралбай.
Еске салсақ, қазақ боксшылары Ливерпульдегі Әлем чемпионатында 7 алтын иеленіп, командалық есепте топ жарған еді.