$ 512.32  582.92  6.29
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Өзара келісу керек болды»: Елдос Сметов пен өзге де спортшылар ақшаларын сегіз ай дегенде әрең алды

Спорт инсайдерлері спортшылар Париж Олимпиадасындағы жеңісі үшін әлі сыйақы алмағанын жазған еді 

«Өзара келісу керек болды»: Елдос Сметов пен өзге де спортшылар ақшаларын сегіз ай дегенде әрең алды
Фото: ҰОК

Париждегі Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған спортшылардың сыйақысы жарты жылдан астам уақыт бойы төленбей келе жатқаны жайлы ақпараттың анық-қанығын білу үшін редакция  туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар хабарлағандай, кепілді төлем бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты кешіккен. Яки, осы сыйақыға қатысты әрбір уәкілетті орган тиісті құжаттарды уақытылы дайындап, ұсынуға жауапты болған.

«Қазіргі таңда үкімет 2024 жылы Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының және XVII жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы беру туралы қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, қазірдің өзінде үкімет резервінен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлемдер жіберілді», - деп хабарлады комитет.

Дереккөзге сүйенсек, барлығы 49 спортшы мен 63 жаттықтырушы ақшалай сыйақы алады.

Қазіргі заңнамаға сәйкес ақшалай сыйақылардың мынадай мөлшерлері қарастырылған:

                • 1 орынға – 250 000 АҚШ доллары;

                • 2 орынға – 150 000 АҚШ доллары;

                • 3 орынға – 75 000 АҚШ доллары;

                • 4 орынға – 30 000 АҚШ доллары;

                • 5 орынға – 10 000 АҚШ доллары;

                • 6 орынға – 5 000 АҚШ доллары.

«Жүлдегерлердің бірінші, жеке және бас бапкерлеріне де ақшалай сыйақылар қарастырылған.Сонымен қатар, Олимпиада мен Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер спортшыларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін береді», - делінген жауапта.

XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтті.16 күнге созылған спорт мерекесінде 205 елдің өкілдері жүздеген жүлдені сарапқа салды. Осыншама елдің тек 93-і ғана медаль ала алды. Қазақстан олимпиадашылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен жалпы командалық есепте 43-орынға табан тіреді.

Серіктес жаңалықтары