«Төсектер картоннан жасалған»: Назым Қызайбай Олимпиада қалашығындағы бөлмесін көрсетті (ВИДЕО)
Бөлмелерде кондиционер жоқ
Бокстан ұлттық құрама Олимпиада ойындарына қатысу үшін Парижге жеткен болатын. Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай Олимпиада қалашығындағы бөлмесін көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Маған берілгені ең кішкентай, тар бөлме екен. Бірақ берген бөлме – осы. Төсектер картоннан жасалған. Қасыма тағы бір спортшы келіп тұрады. Қазір жалғыз тұрып жатырмын», - дейді спортшы.
Ол спортшылардың барлығына бірдей сыйлық бергенін айтып, өзге спортшылармен алмасуға арнайы алып келген қазақстандық белгішелерді көрсетті.
Видеода желдеткіштің тұрғанын көруге болады. Бөлмелер кондиционермен жабдықталмаған.
«Әзірге орналасып, жаттығуымызды жалғастырып жатырмыз. 25 шілде жеребе болады», - деп жазған видеоға ол.
Жалпы Олимпиада қалашығында 3 мың пәтер мен 7200 бөлме бар. Ұйымдастырушылар қалашықтың экологиялық тиімділігіне аса назар аударған.
Париж Олимпиадасында 80 қазақстандық спортшы сынға түседі. Алғашқы бәсекелер 25 шілдеде басталмақ. Мәселен, садақшылар дәл сол күні сынға түседі. Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет жазғы ойындарға үш спортшыны апарды. Олимпиаданың ресми ашылуы 26 шілдеде өтеді.