«Головкинді үш мәрте жеңдім»: Сауль Альварес GGG-мен жекпе-жектері туралы айтты

Azattyq Rýhy

2016 жылы Альварес WBC белбеуін қорғау үшін Головкинмен жұдырықтасудан қашқақтаған

«Головкинді үш мәрте жеңдім»: Сауль Альварес GGG-мен жекпе-жектері туралы айтты
Фото: sportingnews.com

Мексикалық боксшы Сауль Альварес (60-2-2, 39 КО) қазақстандық бұрынғы кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен өткен жекпе-жектері туралы айтты. Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісі Vringe.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Осыған дейін ол отандасы Хайме Мунгияға (43-0, 34 КО) қарсы жекпе-жекте титулдарын қорғайтыны белгілі болды. Баспасөз мәслихатында Канело бұрынғы қарсыласы Головкин туралы есіне алды.

«Маған осыған дейін де орынсыз айыптар тағылған. «Онымен жекпе-жекке шыққысы келмейді» деген сарында БАҚ беттері көп жазды. Шыны керек, менімен рингке шығу басқа біреумен салыстыруға келмейді. Дәл осылай Головкинмен жекпе-жек алдында да талай мәрте айтылды. «Головкинмен неге жұдырықтаспайсың?» деп жатты көбісі. Түптеп келгенде мен онымен үш мәрте жұдырықтастым. Керемет жекпе-жектер өтті. Головкинді үш мәрте жеңдім», - деді Сауль Альварес.

Айта кетейік, 2016 жылы Альварес өзіне тиесілі WBC белбеуін қорғау үшін Геннадий Головкинмен жұдырықтасуы керек болатын. Бірақ ол сол жылы шаршы алаңға шықпай, ұйым бойынша чемпиондық атағын тастап, басқа салмақ дәрежесіне өтіп кеткен. WBC белбеуі көп ұзамай қазақстандық боксшыға жекпе-жексіз берілді. Сол тұста сарапшылар Головкиннің күш-қайраты кемелденген шақта Альварес онымен жұдырықтасудан қашқақтады деп айыптады.

«Канело» мен Головкин арасында кейіннен үш кездесу өтті. Оның алғашқысы даулы түрде төрешілер шешімімен тең аяқталды. Ал қалған екі жекпе-жекте мексикалық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Екінші кездесуде отандасымыз 36 жаста болса, үшінші жекпе-жекте 40 жастан асқан. Бұл кәсіпқой бокс үшін үлкен жас болып есептеледі.

Еске сала кетейік, жуырда Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті лауазымына сайланды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.