Фатима Сұпығалиева дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды

16 жастағы отандасымыз Фатима Сұпығалиева алтын жүлде жеңіп алды

Фатима Сұпығалиева дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды
Фото: ҰОК

Эквадорда өтіп жатқан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 16 жастағы отандасымыз Фатима Сұпығалиева алтын жүлде жеңіп алды. Ол Қазақстан дзюдосы тарихында қыздар арасында чемпион атанған тұңғыш спортшы ретінде рекорд орнатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қыздар арасында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Фатима Сұпығалиева финалда украиналық Ксения Кирильчукпен кездесті. Негізгі уақытта есеп ашылмай, жеңімпаз қосымша уақытта (golden score) анықталды.

Шешуші сәтте отандасымыз ұтымды әдіс қолданып, қарсыласын иппонмен таза жеңді.

Екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы жалпы медальдық есепте көш бастады. Інжу Жұмажан (-57 кг) күміс медаль иеленсе, Ерік Үсенов (-66 кг) пен Бекәли Еркен (-73 кг) қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар. 

59 елден 457 татами шебері қатысып жатқан әлем чемпионаты 23 тамызға дейін жалғасады.