Қазақстан әйелдер құрамасы волейболдан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне жетті

Ұлттық құрама Австралия құрамасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді

Қазақстан әйелдер құрамасы волейболдан Азия чемпионатында алғашқы жеңісіне жетті
Фото: asianvolleyball

Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасындағы 23-ші Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісін тойлады. Асқар Шалқыбековтің шәкірттері В тобындағы екінші матчында Австралия құрамасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстандық волейболшылар Австралия құрамасына қарсы кездесуде сенімді жеңіске жетіп, барлық партияда басымдық танытты — 25:21, 25:18, 25:21. Матчта ең нәтижелі ойын көрсеткен Татьяна Никитина 20 ұпай жинады. Оның 14-і шабуылдан, 3-еуі блоктан және 3-еуі эйстен келді. Кристина Белова команда қоржынына 12 ұпай қосса, орталық блоктаушы Полина Уфимцева 8 ұпай еншіледі.

Турнирдің алғашқы кездесуінде Қазақстан құрамасы Индонезияға күтпеген жерден 0:3 (22:25, 22:25, 23:25) есебімен жол берген болатын. Австралияны ұту арқылы жерлестеріміз ширек финалға шығу мүмкіндігін арттырды.

В тобындағы өзге ойындарда Таиланд Австралияны 3:0 есебімен ұтты. 25 тамызда топтық кезеңнің шешуші матчында Қазақстан құрамасы Азияның қолданыстағы чемпионы — Таиланд командасымен кездеседі. Топтан алғашқы екі орын алған ұжым және 3-орын алғандардың арасынан ең үздік екі команда плей-оффқа жолдама алады.

Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жеңімпаз команда 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына тікелей жолдама алады. Ал 1–3 орын иегерлері 2027 жылы Канада мен АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады.

Тарихта Азия чемпионатының пьедесталын негізінен Қытай, Жапония, Таиланд және Оңтүстік Корея бөлісіп келеді. Тек 2005 жылы бұл қатарға Қазақстан құрамасы араласып, күміс жүлдегер атанған болатын.