«Финляндия мен Бельгиядан озып кеттік»: Қазақстан XXV қысқы Олимпиадада нешінші орын алды
Спорт комитеті ойынның қорытындысын ұсынды
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан 94 елдің ішінде 19-орынға шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 94 елдің ішінде 19-орынға тұрақтады. Отандастарымыз қысқы спорт түрлерінде дәстүрлі түрде жүлде алып, үздіктер қатарында жүретін Финляндия мен Бельгия құрамаларын артта қалдырды. Қазақстан құрамасы соңғы рет үздік жиыр команданың арасына 1994 жылы енген еді», - деп хабарлайды Спорт комитетінің ресми сайты.
Бұл жарыста Қазақстанның тек бір спортшысы – мәнерлеп сырғанаған Михаил Шайдоров алтын медаль иеленді. Спорт комитеті өзге спортшылардың да еңбегі зор екенін жазған. Мәселен, мәнерлеп сырғанаудан 19 жастағы Софья Самоделкина Олимпиададағы дебютінде 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартып, 10-орын иеленді. Конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта 6-орын, Елизавета Голубева 1500 метрде 7-орынға шыққан. Шаңғымен тұғырдан секіруден 19 жастағы Илья Мизерных үлкен трамплинде 8-орын, шорт-тректе Денис Никиша 500 метр қашықтықта 7-орын, фристайл-могулда Анастасия Городко 8-орын, Павел Колмаков 9-орын алған.
Тағы бір маңызды мәселе, биыл қысқы Олимпиадаға Қазақстанның 11өңірінен спортшы қатысқан. Бұған дейінгі жарыстарда спортшылардың географиясы әлдеқайда тар еді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Туризм және спорт министрлігі алтын медаль алған Михаил Шайдоров пен оның командасын дайындауға бюджеттен 236 млн теңге кеткенін, сондай-ақ, Михаил Шайдоровтың, оның жаттықтырушысының және хореографының жалақысын ашық жариялаған. еді.